Душанбеде өңірдегі бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу жолындағы бірлікті нығайтуға бағытталған Орталық Азия елдері парламентаралық форумының IV отырысы өтті. Негізгі тақырыптардың бірі – цифрлық ынтымақтастықты дамыту. Қазақстан делегациясын Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай бастап барды. Ол еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен Президент Жолдауындағы басымдықтар туралы айтты. Сонымен қатар, Kazakhstan Physical AI Data Factory тұжырымдамасы негізінде Индустрия 4.0 өңірлік жобаларын іске асыруды ұсынды. Бұл өңір елдерінің өнеркәсіптік деректерді жинау және технологиялық шешімдер әзірлеу бағытындағы күш-жігерін біріктіреді. Форумға қатысушылар климаттық қауіпсіздік, сауда, көлік және электрондық коммерцияны дамыту мәселелерін де талқылады. Қазақстан тарапы Аралды құтқару халықаралық қоры өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен су мәселелері бойынша тұрақты парламентаралық диалог орнатуды ұсынды. Форум қорытындысында ынтымақтастық бағыттарын айқындайтын Душанбе декларациясы қабылданды.
Айбек Дәдебай, ҚР Құрылтай төрағасы:
- Бүгінде біз өңірлік, су және экологиялық қауіпсіздік, экономикалық интеграцияны тереңдету мәселелерін талқылап отырмыз. Айтылғандардың барлығы Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Қазіргі сын-қатерлерге тек парламенттеріміздің күш-жігерін біріктіріп, заң шығару жұмысын үйлестіріп, ортақ ұстанымдар қалыптастыру арқылы жауап беруіміз керек деп есептеймін. Парламенттік дипломатия нақты нәтижеге бағытталуға тиіс.

