Орталық Азия елдері мен Әзербайжан ынтымақтастық аясын кеңейтуде

Орталық Азия елдері мен Әзербайжан ынтымақтастық аясын кеңейтуде

Қазақстан Президенті Түрікменстанға жұмыс сапары аясында Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысушыларға өңірдегі ықпалдастықтың негізгі мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Мемлекет басшысы өзара  сауда-экономикалық ынтымақтастық аясы артып келетінін атап өтті. Бірлескен кәсіпорындар саны көбейді, іскерлік байланыс нығая түсті. Негізгі салаларда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің пайымдауымызша, ішкі нарық әлеуеті әлі де зор. Былтыр өңір ішіндегі сауда көлемі шамамен 13 миллиард долларды құрады. Бұл елдеріміздің жалпы тауар айналымының 8 пайызына жуық. Сондықтан үкіметтерімізге өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс.

Президент аймақтағы елдердің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары мол мүмкіндікке жол ашатынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан көлік инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытып келеді. Бұл өңірлік қарым-қатынас аясын кеңейтеді. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, жоспарланған инфрақұрылымдық міндеттер толық жүзеге асырылса 2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаяды. Президенттің пікірінше, су проблематикасы – Орталық Азия тұрақтылығына қатер төндіретін басты сынақтардың бірі. Мемлекет басшысы бұл ретте алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұрғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді. Құжат жобасы тараптардың қарауына ұсынылды. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы өте өзекті. Оны халықаралық, атап айтқанда, Орталық Азияның ортақ ұстанымы ретінде бірге ілгерілету су ресурстарын басқарудың жаһандық жүйесіне қосқан үлесіміз болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңызына да тоқталды. Президент осыған орай АІ бойынша Орталық Азия серіктестігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық бағытта бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыру ынтымақтастықты тереңдете түсетінін алға тартты.  Қазақстан отандық Silk Way телеарнасы жанынан аймақтық телеарна ашу және келесі жылы еріктілер форумын өткізу туралы бастама көтерді. Президент сөз соңында Консультативтік кездесулерді жетілдіру мәселесін қозғады.  Кездесу нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?