NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Қазақстанды Physical AI әлемдік хабына айналдыруды ұсынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дженсен Хуангты қабылдады. Ақордада өткен кездесуде Қазақстан Президенті цифрландыру мен АІ-ді дамытуды ұлттық басымдық ретінде атады, сондай-ақ биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA басшысы сапарының екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтіп, оның Қазақстанның алғашқы технологиялық сыңармүйізі саналатын Higgsfield компаниясымен әріптестікті қуаттайтынын жеткізді. Бұл жоба жаһандық технологиялық экожүйеде ойып тұрып орын алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– NVIDIA компаниясымен ықпалдастыққа соны серпін беру тұрғысынан сапарыңыздың мәні зор. Серіктестігімізді нығайту жолындағы және Қазақстанның игілігі үшін атқарып жатқан еңбегіңізге алғыс айтқым келеді.
NVIDIA жетекшісі Президенттің жаңа өнеркәсіптік революцияның бастапқы кезеңінде Қазақстанды жасанды интеллект елі ретінде өркендету жөніндегі стратегиялық мақсатын жоғары бағалады. Бұл бастама жасанды интеллектіні дамытуға және оны кеңінен енгізуге бағытталған. Дженсен Хуанг соңғы жылы өзара қарым-қатынас өте нәтижелі болғанын атап өтті. Сонымен қатар NVIDIA қазақстандық, соның ішінде Firebird AI KZ Ltd және «Қазақтелеком» компанияларымен серіктестік байланыстарды дамыта бастағанын тілге тиек етті.
Дженсен Хуанг, NVIDIA компаниясының президенті:
– Жасанды интеллектіні дамыту үшін, ең алдымен, мол қуат көзі, сондай-ақ ғылым, математика мен технология салаларында білім-білігі жоғары мамандар керек. Осы бағыттардың әрқайсысын дамытуға Қазақстанның әлеуеті жеткілікті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллектінің дамуына үлес қосқаны үшін Дженсен Хуангты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

