Маңғыстаудың киелі орындары бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұрасы ретінде танылды

Маңғыстаудың киелі орындары бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұрасы ретінде танылды

Маңғыстаудың киелі орындары ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне ресми түрде енді. ЮНЕСКО-ның жаңа нысандары ретінде бес тас мешіт - Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан үпі кірді. Тарихи шешім Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-ші сессиясында қабылданды, Қазақстанның өтінімін қатысушы елдердің көпшілігі қолдады.


Асқар Әбдірахманов, ҚР ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі:


- Бүгінгі шешім халықаралық қауымдастық жағынан ЮНЕСКО құралы арқылы Маңғыстаудың киелі орындарының бүкіл адамзатқа ерекше маңызы бар екенін және ол Қазақстан тарапынан бүкіл әлем тарапынан қастерленуі тиіс екенінің дәлелі болып табылады.


Жаңа мәртебе киелі орынның айрықша тарихи және мәдени құндылығын растайды және сонымен қатар Қазақстанға оларды сақтау жауапкершілігін жүктейді. Ел ғылыми зерттеулер жүргізіп, объектілердің жай-күйін қадағалап, ЮНЕСКО-ға ұдайы ақпарат беріп отырады. Ескерткіштерді Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу Маңғыстау облысына туристерді тарта түседі деп күтілуде. Еске сала кетейік, 2024 жылы Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің бірегей тарихи-мәдени мұрасын әлемге таныту қажеттігін атап өткен болатын.


Ерлан Қарин, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:


- Бұл еліміз үшін үлкен оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда көтерген бастамасы орындалды. Іс жүзіне асты. Тұңғыш рет 22 жылда Қазақстанның Ұлттық номинациясы дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл біздің ұлттық мұрамыздың, ұлттық мәдени, тарихи мұрамыздың кеңірек насихатталуына жол ашады. Және де еліміздегі отандық туризмнің дамуына тағы бір серпіліс бере ме деген үміттеміз. Сондықтан тағы да барша қазақстандықтарды осы маңызды шешіммен құттықтаймын.

Айта кетейік, Қазақстан 1992 жылдан бері ЮНЕСКО мүшесі болып табылады. Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген алғашқы отандық объектілер қатарында 2003 жылы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі және бір жылдан кейін Тамғалы археологиялық ландшафтының петроглифтері енді. Қазіргі таңда, еліміз жаңа өтінім дайындауда, оған Үстірт асуы мен аңшылыққа арналған көне тас құрылыстар – Арандар ұсынылмақ. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?