777 аккредиттелген халықаралық байқаушы Қазақстандағы
Құрылтай сайлауын бақылады. Олардың арасында Еуропадағы қауіпсіздік және
ынтымақтастық ұйымының, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі
бюро, сондай-ақ Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеяс ынан 300-ден астам
өкіл бар. Сарапшылар сайлау барысын, сайлау комиссияларының жұмысын,
партияларға ұсынылған жағдайларды және БАҚ қызметін бағалады. Байқау
қорытындысы бойынша олар сайлаудың уақытылы техникалық дайындығын және
азаматтардың жақсы ақпараттандырылуын атап өтті. Сайлау учаскелерінің
қолжетімділігі оң бағаланды, сондай-ақ Орталық Сайлау Комиссиясының көпшілікпен
жұмысына, партиялардың қаржылық есептілігіне, ұлттық және халықаралық
бақылаушылардың жұмысына назар аударылды. Мұның барлығы сайлау ашықтығының көрсеткіші
ретінде қарастырылды.
Севилай Челенк, Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының
бақылаушылар делегациясының басшысы, Түркия:
- Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы үшін сайлауды
бақылау - жай ғана техникалық рәсім емес. Біз сайлау процесі шынайы
бәсекелестікті, қатысушылар үшін тең жағдайларды және ашық әрі сенімді жүйеде
саяси құқықтарды тиімді жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етті ме, соны
бағалаймыз. Қазақстан халқына біздің баршамызды өте жылы шыраймен қабылдағаны үшін
шынайы алғысымды білдіргім келеді.
Винсент Пикет, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам
құқықтары жөніндегі бюро миссиясының басшысы, Нидерланд:
- Біздің байқаушы ретіндегі қызметіміз орталық, өңірлік
және жергілікті деңгейлердегі сайлау комиссияларының сайлауды кәсіби түрде
дайындап, заңда көзделген мерзімде орындағанын растайды. Орталық Сайлау Комиссиясы
74 мыңға жуық қызметкерді кең ауқымды оқытудан өткізді, сондай-ақ сайлаушыларға
арналған ауқымды ақпараттық науқан жүргізді. Бұдан бөлек, комиссиялар
мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне көп көңіл
бөлді.

