Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы сапар аясында қазақ халқының бай мәдениетімен және рухани мұрасымен етене танысуға айрықша мән беруде. Қазақстан Президентінің резиденциясында құрметті қонақ болған корольдік отбасы шетел басшылары елімізге сыйға тартқан асыл тұқымды арғымақтарды да тамашалады. Монархтарға бапкерлер сәйгүліктердің шығу тегі, күтімі туралы әңгімелеп, қазақ халқының ұлттық ойындарынан шағын көрініс қойды.

