Қазақстанның мемлекеттік органдары QazTech бірыңғай цифрлық платформасына көшірілді

Қазақстанның мемлекеттік органдары QazTech бірыңғай цифрлық платформасына көшірілді

Қазақстан цифрлық жаңғырудың жаңа сатысына қадам басты. Елдегі барлық мемлекеттік ақпараттық жүйе бірыңғай QazTech платформасына көшіріліп жатыр. Платформа 1 сәуірде іске қосылған. Салалық министрліктің дерегінше, қазір барлық мемлекеттік органдар осы сервисте жұмыс істеп жатыр. 10 жүйе толық көшірілді, 36-сы бойынша деректерді алмастыру жұмыстары аяқталуға жақын, ал 25 жүйе бойынша бұл іс енді қолға алынған.  Нәтиже қазірдің өзінде айқын. Жүйе биыл бірінші сыныпқа құжат қабылдау бойынша 365 мыңнан астам өтінімді сәтті өңдеді. Жаңа электрондық үкімет шлюзінің өткізу жылдамдығы 2,5 есеге артты. Мұндай технологиялық жаңарулар АІ негізінде сапалы  мемлекеттік қызмет көрсетуге жол ашты. Нәтижесінде, eGov 3.0 (үш те нөл) порталы іске қосылып, қазақстандықтарға цифрлық ассистент eGov GPT қызмет көрсете бастады. 

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Бұл – мемлекеттік қызметті алудың тағы бір қарапайым әрі ыңғайлы тәсілі. Бұрын азамат қай мемлекеттік органға жүгіну керектігін, қандай өтініш толтыру қажет екенін және қандай құжаттарды жинау керектігін өзі анықтайтын. Енді өзінің өмірлік жағдайын қысқаша сипаттаса жеткілікті. Мысалы: «маған тұрғылықты жер бойынша тіркелу керек» немесе «биыл балам бірінші сыныпқа барады». eGov GPT қажетті қызметті өзі анықтап, азаматтың атынан өтінішті дайындайды және қызметті нәтижесіне дейін жеткізеді.

Бүгінде қазақстандықтар eGov GPT-ді150 мыңнан астам рет қолданып үлгерді. Жақын арада eGov GPT ұлттық Aitu мессенджерінде да қолжетімді болады. Маусым айынан бастап заңнамалық деңгейде eGov пен Aitu мемлекеттік маңызды сервистері тарифсіз, яғни, әрбір азаматқа тегін ұсынылады. Электронды Үкіметтен ел экономикасы да пайда табады. Жаңартылған eGov Business кәсіпкерлерге тіркеуге тұру, шот ашу, лицензия алу, компания құрылымына өзгеріс енгізу тәрізді - бизнестің бүкіл өмірлік цикліне қолдау көрсетеді. Қыркүйек айында eGov Business-те келісімшарттарды цифрлық қолтаңба арқылы электрондық форматта рәсімдейтін Smart Contract сервисі іске қосылады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» Палатасымен бірлесіп осы жылдың соңына дейін көрсетілетін қызметтерді түбегейлі қайта қарап, оларды дереу цифрландыруды және eGov Business платформасына шығаруды тапсырамын. Электрондық лицензиялау порталының платформасына да қатысты сұрақтар да бар. Рұқсат беру және лицензиялау жүйесін толық жаңғырту қажет. Жасанды интеллект министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған жұмысты 6 ай ішінде аяқтасын. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?