Қазақстанның бастамасымен қалыптасқан С5+ форматы өңірдің дамуына ықпал етті

Қазақстанның бастамасымен қалыптасқан С5+ форматы өңірдің дамуына ықпал етті

Саясаттан экономикаға – Орталық Азия елдерінің АҚШ-пен он жылдан астам уақыт C5+ форматындағы ынтымақтастығы өз тиімділігін дәлелдеп, өңірге инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Көлік және логистика, энергетика мен жоғары технологиялар салаларында бірқатар бастама жүзеге асырылды. Silk Way телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанның Бірікен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров форматтың қалыптасу жолына тоқталды. Еліміз бұл бастаманы 2013 жылы көтерді. Ал 2015 жылы АҚШ әкімшілігі мен Орталық Азия елдерінің министрліктері деңгейінде алғашқы кездесулер өтті. Алдымен Нью-Йоркте, кейін Самарқандта ұйымдастырылған жиын өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға жол ашты. Қайрат Омаровтың айтуынша, бұл тетік Орталық Азия елдерінің америкалық серіктестермен жақындасуына және түрлі салаларда оң нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Бүгінде АҚШ-пен C5+ форматы аясындағы ынтымақтастық кеңейіп, жаңа бағыттармен толыққан. Арнайы бизнес-платформа коммерциялық келісімшарттар жасасуға мүмкіндік берсе, сирек металдар жөніндегі диалог геологиялық барлау, өндіру, өңдеу және өңірде қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындар құру мәселелерін талқылауға жол ашады. Қазақстанның Бірікен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі атап өткендей, көпжақты дипломатияның дамуы Орталық Азияны Еуразиядағы стратегиялық серіктес ретінде танытты. Ал Алматыда Бірікен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құру – осы жұмыстың заңды жалғасы.

Қайрат Омаров, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмыс алаңдарында да Орталық Азияны біртұтас өңір ретінде қарастыратын көзқарас қалыптасып келеді. Аймақ елдері өзара жақындасып, өңірішілік ынтымақтастығын арттырып келеді, соның негізінде, әлемдік аренада ортақ бастамалар көтеріп, жалпыға ортақ бейбітшілікті нығайтуға ұмтылуда. Менің ойымша, егер біз осы бағыттағы жұмысымызды жалғастырсақ, саси ерік-жігер танытудағы мүмкіндіктеріміз шексіз еселенеді деуге болады. Жыл сайын елдеріміздің өзара мүддесіне сай келетін ортақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттары пайда болып келеді. Бұдан бөлек, өзге де өзара іс-қимыл тетіктері бар. Олардың барлығы Орталық Азия халықтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?