Қазақстандық АІ-платформа ұстаздардың жүктемесін азайтады

Қазақстандық АІ-платформа ұстаздардың жүктемесін азайтады

Білім берудегі қағазбастылық азайып, сабақ сапасы артады. Қазақстандық WONK AI-платформасы осындай мүмкіндік ұсынып отыр. Ол мұғалімдер мен оқушыларға арналған цифрлық құралдар ұсынады. Педагогқа оқытудың тақырыбы мен көзделген мақсаттарын көрсету жеткілікті. Жасанды интеллект сабақтың құрылымын, презентацияны, тестті немесе практикалық тапсырманы өзі әзірлейді. Жүйе сондай-ақ сабақ кестесін құруға және басқа да әкімшілік міндеттерді орындауға көмектеседі. Нәтижесінде күнделікті жүктеме қысқармақ. Мұғалімнің апта сайын 12-15 сағаты, ал бір жылда 250 сағаты босайды. Мектеп әкімшілігі екі жарым апта уақыттын үнемдейді.


Ерсайын Бекболатов, Wonk стартапының бас директоры:


- Біздің негізгі мақсатымыз – ұстаз еңбегін жеңілдету. Бірақ біз жасаған сабақ жоспары мен түрлі жаңа тақырыптарға бағытталған жұмыстың ешқайсысы әдеттегі Жасанды интеллект арқылы жасалған осындай жұмыстарға еш ұқсамайды. Сондықтан оқушының білімін бағалаудың дұрыс әдіснамасын әзірлеуге көп уақыт жұмсадық. Сондай-ақ, мұғалімдерге өз оқушылардың жауабын түсінуді жеңілдету үшін балалардың өздерін талдауға бағыт алдық. Көбінесе, біздің жүйе онлайн күнделіктерге интеграция ретінде жұмыс істейді.


Платформа оқушыларға да арнайы мүмкіндіктер ұсынады. AI-репетитор оқу материалын өз бетінше талдауға көмектеседі. Бұл отбасының қосымша сабақтарға жұмсалатын шығынын азайтуы мүмкін. Әзірлеушілердің бағалауы бойынша, бүкіл ел аумағына осы өнімді енгізудің әлеуетті экономикалық тиімділігі жылына 70 млрд теңгеге жетуі мүмкін.


Нұрсат Хобдабаев, Wonk қазақстандық стартапының өкілі:


- Өткен жылы біз АІ-платформаны Қазақстанның төрт өңіріндегі 33 мектепте тестілеуден өткіздік. Олар Қызылорда және Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалары. Осы жұмыс барысында мұғалімдермен кері байланыс орнатып, қажетті ақпарат жинақтадық. Қазір біз осы тәжірибеміздің негізінде келесі кезеңге кірісуге дайынбыз. Біздің мақсатымыз - еліміздің барлық мектептерін қамту, содан кейін шетелдік нарықтарға шығу.

Бүгінде платформаны 32 мыңнан астам адам пайдаланады. Олардың ішінде 5 мыңнан астам мұғалім мен 16 мыңнан астам оқушы бар. Жаңа технология толыққанды сынақтан өтіп, тиімділігі оң бағаланды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?