Қазақстанда Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысы басталды. Абай облысында бой көтеретін кәсіпорында кен өндіру мен байытудан бастап, дайын металл шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл жолға қойылады. Зауыт жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіреді. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Металлургиялық кешеннің құрылысын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір режимінде бастап берді. Елімізде 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Қазақстанда жыл сайын шамамен 160 млн тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы зауыт іске қосылған соң, қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жетекші елдердің ондығына кіре алады. Одан бөлек, аталған кәсіпорында алтын және күкірт қышқылы өндірілмек. Бір сөзбен бұл ауқымды жоба отандық металлургия саласының дамуына қомақты үлес қосатыны сөзсіз. Жалпы еліміздегі өңдеу өнеркәсәбінің даму қарқыны жақсы деп айтуға болады. Былтыр өңдеу саласындағы жалпы өнім көлемі 60 млрд долларға жетті. Соңғы үш жылда еліміздің барлық аймағында 540 индустриялдық жоба іскуе қосылды.
Жобаның инвестициялық құны – шамамен 1,8 млрд доллар. Оны KAZ Minerals тобы қытайлық NFC компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Кешен Қазақстанда өндірелетін өнімнің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді. Алғашқы мыс катодын 2030 жылы шығару жоспарланған. Зауытта мыспен қатар алтын, күміс және басқа да ілеспе өнімдер өндіріледі. Мемлекет басшысы зауыт құрылысында да, өндіріс барысында да озық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ең алдымен құрылыс жұмысын сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтау қажет. Осы бірегей жобаны жүзеге асыруға белсене атсалысып жатқан барша азаматқа, қытайлық серіктестерімізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Ақтоғай мыс өңдеу кешені Қазақстанның өнеркәсіптегі әлеуетін арттыра түсуге зор үлес қолсады деп сенемін.

