Қазақстанда Starlink Mobile спутниктік байланысы іске қосылды

Қазақстанда Starlink Mobile спутниктік байланысы іске қосылды

Қазақстанда Starlink Mobile технологиясы негізінде спутниктік мобильді байланыс іске қосылды.  Бірегей жоба Астанада AI & Digital Bridge  халықаралық форумында таныстырылды. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтың нәтижесі. Жаңа байланыс түрі мобильді желімен қамтылмаған шалғай аумақтарда спутникпен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қызметті пайдалану үшін арнайы қосымша әзірленген.

Джаббор Каюмов, Қазақстандағы телекоммуникациялық холдингтің бас директоры:

- Телефоннан осы байланыс желісін іздеп, оған қосылып көруге болады. Ойдағыдай байланыс орнаса, қоңырау шалып көрсеңіз де болады. Қазірдің өзінде осы желіні қолданып жүрген азаматтар, блогерлер бар. Илон Макстың атынан уәде беремін деуге келетін шығар, орбитадағы жерсеріктер саны артқан сайын Direct to Cell және Direct to Mobile технологиясы негізіндегі интернеттің өткізу қабілеті мен сапасы да арта түседі.

Биыл AI & Digital Bridge елордада 30 мыңға жуық қатысушыны біріктірді. Жалпы форумда цифрлық саладағы 300 астам әлемдік көшбасшы сөз сөйледі. Ауқымды жиын жасанды интеллект, цифрлық активтер, ғылыми зерттеулер, венчурлық қаржыландыру және стартаптарды қолдау салаларында бірлескен жобаларды іске асырып, халықаралық ынтымақтастықты өркендетуді көздейді.

Вивиан Ли, Гарвард медицина мектебінің аға оқытушысы:

 - Қазақстандағы цифрлық орта шынымен де өте серпінді, мұнда өз стартаптарын әзірлеуге ниетті жастар көп. Бұған елдегі дамыған цифрлық инфрақұрылым мен деректер қоры, сондай-ақ мемлекет пен коммерциялық емес ұйымдардың қолдауы оң ықпалын тигізуде. Бұл біздің медицина саласындағы стартаптарға озық шешімдер ұсынып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанға клиникалық зерттеулер жүргізуге мүдделі биотехнологиялық және фармацевтикалық компанияларды тартуға жол ашады.

Биыл форум 7-ші рет ұйымдастырылып отыр. Осы жылдар ішінде оған 100-ден астам мемлекеттен 127 мың қатысушы тіркеліп, 600-ден астам жаңа стартаптар таныстырған.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?