Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Еліміз жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтпек. Мәселен, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен шетелдік жоғары оқу орындары өкілдерінің кездесуінде Семейде Мёрдок университетінің филиалын ашу талқыланды. Тараптар Шәкәрім Университеті мен Мёрдок Университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамытуды, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын, сондай-ақ мамандарды даярлау бағдарламаларын әзірлеуді көздейді. Қазақстан Жапония және Оңтүстік Корея университеттерімен, атап айтқанда, Токио Metropolitan University және Біріккен Ұлттар Ұйымы Университеттерімен әріптестік орнатқан. Алатау қаласында Оңтүстік Кореяның жетекші технологиялық оқу орны - KAIST Корея озық технологиялар институтының кампусын салу жоспарланған. Бұл АІ, цифрлық технологиялар және инженерия саласында мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Бейінді ведомствода атап өткендей, қазақстандық жоғары оқу орындары Оңтүстік Кореяның басқа университеттерімен қос диплом бағдарламасын дамытуда. Computer Science бағдарламасы іске асырылып, AI және ақпараттық қауіпсіздік бағдарламасы бойынша дайындық жүргізіліп жатыр.

