Қазақстанда орақ науқаны қыза түсті. Бүгінде дәнді-дақылдар алқабының 70% астамы жиналып, 16 млн тоннадан астам астық бастырылды. Айта кетейік, биыл еліміздегі жалпы егіс алқабы 24 млн гектарды құрайды. Оның 15 млн гектарына дәнді дақылдар егілген. Диқандар мемлекеттік қолдау шараларын толық көлемде алды. Мәселен, биылғы егіс науқанында 6 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы құны 664 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесі берілген. Ал «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша келесі жылдың көктемгі егіс жұмыстарына өтінім қабылдау 1 қазанда басталады.
Шерхан Қаныбек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы:
- 2027 жылғы көктемгі жұмыстарды ерте қаржыландыру бойынша 200 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Аталған бағыттағы қаржыландыру Аграрлық несие корпорациясының филиалдары арқылы тікелей қаржыландыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер қосылған, кредиттік серіктестер, облыстық деңгейдегі фермерлерге ыңғайлы болуы үшін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары да қызмет атқаратын болады. Сонымен қатар осы қаржыландыру жұмыстарына даму қоры өзіндік кепілдіктерін беретін болады.
Айта кетейік жыл басынан Қазақстан 7 млн тоннадан астам астықты экспорттап үлгерген. Оның 5 млн тоннаға жуығы Орталық Азия елдеріне жөнелтілді. Бұл былтырдың сәйкес кезеңінен шамамен 40% көп. Қытайға тасымалданған астық көлемі де үштен бірге артқаны байқалады.

