Қазақстан жол инфрақұрылымын жаңғыртуда

Қазақстан жол инфрақұрылымын жаңғыртуда

Қазақстанда жол инфрақұрылымын ауқымды жаңарту жұмысы жалғасуда. Биыл 11 мың шақырым республикалық жол қамтылды. Ірі көлік дәліздерін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Елімізде ұзындығы бір жарым мың шақырымға жуық 65 айналма жол салынуда. Жаңа учаскелер транзиттік көлік ағынын қалалар мен ауылдардан тыс аумаққа шығарып, қолданыстағы жолдың жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Биылғы жыл ішінде трафиктің 30%-ға өсуіне қарамастан, елімізде жол апатының төмендегені байқалады, елді мекендерде де, қала сыртындағы трассаларда да оң динамика орын алған.


Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:


- Мұның барлығы жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарының нәтижесі екенін атап өткім келеді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар заңнамалық нормалар қабылданды. Жол ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Самокаттар мен скутерлерді пайдалану, көлік жүргізушілерін даярлау және жасырын патрульдеу тәртібі ретке келтірілді. Интеллектуалды жүйелер енгізілуде. Қазіргі таңда еліміздің жолдарындағы қауіпсіздікті 30 мыңнан астам камера қадағалайды.


Үкіметте жол үстіндегі қауіпсіздікті арттыру жұмысы үздіксіз жалғасатыны айтылды. Негізгі бағыттар қатарында - орташа жылдамдықты бақылау, цифрлық мониторинг және трассаларды заманауи қауіпсіздік құралдарымен  жарақтандыру жұмыстары аталды. Сондай-ақ, жол бойындағы электрондық ақпараттық таблолардың санын арттыру көзделген. 


Дархан Иманашев, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:


- Түнгі қауіпсіздік режиміне ерекше көңіл бөлінуде. Биыл ақылы жолдарда алғаш рет жүргізушінің назарын жолға аударуға арналған лазерлік жабдықтар енгізілді. Қазір 22 ақылы учаскеде 56 осындай құрылғы орнатылған. Қоршауларға жарықты жақсы қайтаратын қабаты бар шағыстырғыш элементтер орнатылуда. Сондай-ақ, қарсы келе жатқан көлік шамының жүргізуші көзіне түсуін азайтатын арнайы экрандар орнатылып жатыр.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?