Қазақстан мен Үндістан өзара сауда айналымын жақын арада 1 млрд долларға, ал келешекте бұл көрсеткішті үш есеге дейін арттыруға ниетті. Экономикалық ынтымақтастықты кеңейту екіжақты әріптестіктің негізгі бағыттарының бірі. Астанада дипломаттар, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қарым-қатынас аясын кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының мамандары бірқатар сала бойынша алыс-беріс қарқынын арттыру әлеуеті мол екенін атап өтті. Мәселен біздің ел Үндістанға энергетикалық ресурстарды, соның ішінде мұнай мен уранды, сондай-ақ аса маңызды минералдарды жеткізуді үдете алады. Ал Үндістан фармацевтика, технология, машина жасау және электроника салаларында айтарлықтай әлеуетке ие. Сарапшылардың пікірінше, сауда көлемінің өсуіне логистикалық бағыттарды дамыту, тікелей іскерлік байланыстарды кеңейту, бизнес, мемлекет пен сарапшылар арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту тың серпін береді.
Айдар Құрмашев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы:
- Бізге ең алдымен екі елдің арасындағы тауар тасымалы бағытындағы ынтымақтастықты дамыту қажет. Яғни, өзара алыс-беріс әлеуетін арттыру керек. Конференцияда айтылған ұсыныстардың бірі осы бағыттағы зерттеу жобаларын қолға алу. Оларға сарапшылармен қатар мемлекеттік органдар, бизнес және академиялық орта өкілдерінің атсалысқаны абзал болар еді. Бұл өз кезегінде арада қандай тауарлардың тасымалданып жатқанын, қандай өнімдерге сұраныс барын және банк операцияларының қалай жүзеге асатынын нақты анықтауға мүмкіндік береді.
Технология саласы да серіктестіктің жаңа көкжиегіне айналмақ. Қазақстан төл IT секторын белсенді түрде дамытып келеді. Ал Үндістанның білікті кадрлық әлеуеті жоғары, сондай-ақ ел мамандарының халықаралық нарықтағы жұмыс тәжірибесі мол. Бұл мүмкіндіктерді ұштастыру бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және инвестиция тартуға жол ашады. Бұған қоса заманауи қалалық инфрақұрылымды жетілдіру әріптестік асясын кеңейтуге жол ашады деп күтілуде. Осы бағытта қазірдің өзінде бірқатар нақты жоба пысықталып жатыр. Осыған орай жақын арада келіссөздер жүргізу үшін Қазақстанға Үндістанның 30-дан астам ірі компания өкілдері арнайы келмек.
Сайлас Тангал, Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Олар Қазақстанға келіп, мүдделі тараптармен, атап айтқанда Алатау мен Қонаев қалалрындағы жобалар бойынша кездесулер өткізеді. Оларда жаңа даму жобалары жүзеге асырылып жатыр. Алатау жасанды интеллект технологиялары қолданылатын «ақылды қала» ретінде дамып келеді. Сондықтан мұнда дәстүрлі девелоперлік компаниялармен қатар, жылжымайтын мүлік саласына заманауи технологиялық шешімдеді енгізе алатын компанияларға да сұраныс жоғары. Қазір осы сапарды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жақын арада оның жүзеге асатынына сенеміз.

