Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізіне қосымша 1,2 млрд текше метр су жіберіледі. Бұл Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі іске асырып жатқан су айдынын қалпына келтіру жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында Солтүстік Аралдағы су көлемін ұлғайту, оның тұздылығын төмендету және өңірдің экожүйесін сақтау әрі балық шаруашылығын дамыту үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, еліміз Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Көкарал бөгетін қайта құру жобасының екінші кезеңін дайындауда. Құзырлы мекеме атап өткендей, барлық жұмыстар Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында жүргізілуде.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Қазір 23 жарым, тағы қосымша үш жарым су болады. Жаңа мен айтып кеттім, Шардарада су тұр, оны күзде жібереміз. Жайлап жібереміз, осы Арал теңізінің деңгейін көтеру үшін. Бірақ мынау Көкарал дамбасын тағы да 2 метрге көтерсек, қосымша тағы да 7 млрд текше метр су жинауға болады. Сонда, теңіздің көлемі 34 млрд текше метрге жетеді екен.

