Қазақстанның трансформациясы үздіксіз жалғасуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары саяси жүйе мен мемлекеттік
институттарды кезең-кезеңімен жаңа сапаға көшіруді көздеген. Маңызды қадам 2022
жылғы конституциялық реформа болды. Республикалық референдумда қазақстандықтар
Негізгі заңның 33 бабына 56 түзету енгізуді қолдады. Саяси жаңғырудың жаңа
кезеңінде Парламенттің рөлі артып, өкілеттіліктер қайта бөлінді, осылайша,
«Күшті Президент - Ықпалды Парламент - Есеп беретін Үкімет» формуласы іске
асты. Сонымен қатар, өзгерістер президенттік өкілеттікті жеті жылмен шектеу,
жаңа облыстар ашу, Конституциялық сот құруды қамтыды. Бұдан бөлек, Негізгі
заңда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесі бекітілді. Осы ауқымды
жаңашылдықтармен қатар, Президент «Әділетті Қазақстанды» құру бағытын жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2022 жылы өткен референдум ұлтымызды бұрын-соңды
болмаған деңгейде ұйыстырып, мемлекет алдындағы стратегиялық міндеттердің
төңірегіне топтастарды. Азаматтарымыздың жаңа саяси бағдарды бірауыздан қолдауы
алға ілгерілеуден басқа жол жоқ екенін айқын көрсетті. Тарихи өлшем тұрғысынан
өте қысқа уақыт ішінде қоғам саяси кемелдік пен азаматтық жауапкершілікті
күшейтетін іргелі өзгерістерді бастан өткерді.
2023-2025 жылдар аралығында Қазақстанда мемлекеттік
институттарды жаңғырту үдерісі жалғасты. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы аралас
жүйе бойынша өтіп, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері мен қоғамның мемлекеттік
басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейді. Ал 2026 жылы реформалардың жаңа кезеңі
басталды. Өзгерістер Конституцияның 77 бабын немесе оның мәтінінің 84% қамтыды.
15 наурызда жалпыреспубликалық референдумда Жаңа Конституция қабылданып, ол 1
шілдеден бастап күшіне енді. Ата заңның преамбуласында мемлекеттілікті нығайту
идеялары, сондай-ақ адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияларды
дамытуға бағытталған басымдықтар бекітілді. Сонымен қатар Конституцияда
еліміздегі әділетті қоғамның негізі «Заң және Тәртіп» қағидаты көрініс тапты.
Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Ең алдымен
Конституция жобасының бүкіл мәні адамға бағытталу идеясы және адам құқықтары
мен бостандықтарының басымдығына келіп саяды. Мысалы, преамбулаға назар
аударсақ, онда адам құқықтары мен бостандықтарының қатаң сақталуы жарияланған.

