Қазақстан Президентінің Жолдауы шетелдік БАҚ назарында

Қазақстан Президентінің Жолдауы шетелдік БАҚ назарында

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударды. Халықаралық басылымдар Мемлекет басшысы айқындаған ел дамуының негізгі басымдықтарына жіті тоқталған. Олардың қатарында инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, көлік бағыттарын кеңейту, жасанды интеллектіні дамыту және инвестиция тарту мәселелері бар.

Мәселен, Euronews Қазақстанның атом энергетикасын дамыту жоспарына баса назар аударды. Басылымда жаңа АЭС құрылысын жеделдету мәселесі сөз болған. Яғни келесі жылы «Балқаш» атом электр станциясы құрылысын бастау мүмкіндігі және «Мойынқұм» жобасы бойынша келісім әзірлеу жоспарлары айтылған. Сондай-ақ журналистер атом саласының болашақтағы қажеттілігін қамтамасыз ету үшін уранның стратегиялық қорын құру жөніндегі Президент бастамасын атап өткен.

Германияның Deutsche Welle басылымы Қазақстанның Еуразиядағы ірі логистикалық орталық ретіндегі әлеуетін арттыру жоспарына тоқталды. Мақалада «Бақты - Аягөз» теміржолы мен Арал - Каспий автожолының құрылысы кеңінен қамтылған. Бұл жобалар көлік дәліздерінің өткізу мүмкіндігін арттырып, Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын кеңейтуге тың серпін бермек.

Ал Үндістанның The Economic Times (Зэ экономик таймс)  басылымы Қазақстанның технологиялық даму бағытына назар аударды. Басылым елдің шетелдік дайын технологияларды пайдаланудан бас тартып, өз технологиялық әлеуеті мен құзыреттерін қалыптастыруға ұмтылып отырғанын атаған. Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, инфляцияны тежеу және экономиканың нақты секторын қаржыландыруды ұлғайту маңызды міндеттер ретінде көрсетілген.

Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігі ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарын қаржыландыру мәселесін жазды. Агенттік мәліметінше, 2029 жылдың соңына дейін бұл мақсаттарға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған. Оның 1,5 трлн теңгесі әлеуметтік жобаларды іске қосуға жұмсалмақ.

Оңтүстік Кореяның Aju News басылымы жалпыұлттық құрылыс бағдарламасын ерекше атап өтті. Яғни, өңірлерде ауруханалар, мектептер, теміржолдар мен электр станцияларын салу жоспарларына тоқталған. Елдегі әлеуметтік саясатты дамыту мәселесіне де назар аударылды. Басылым Қазақстанда ең төменгі жалақыны 30% арттыру жоспарланғанын айтқан. Бұл өзгеріс 1,8 млн жуық қазақстандықтың табысына оң әсерін тигізбек.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?