Қазақстан Президенті Қытайдың бірқатар компания жетекшілерін қабылдады

Қазақстан Президенті Қытайдың бірқатар компания жетекшілерін қабылдады

Мемлекет басшысы «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында бірқатар қытайлық бизнес өкілдерімен кездесті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Sunwah Group төрағасы Цай Гуаньшэньді қабылдады. Кездесу барысында Президент Алматыдағы форумды тұрақты алаңға айналдырудың маңызды екеніне назар аударып, Гонконгтағы Қытай бас сауда палатасына жиынның басты институционалдық серіктестерінің бірі болуды ұсынды. Цай Гуаньшэнь Қасым-Жомар Тоқаевтың бастамасына қолдау білдіріп, Қытай бизнесінің жасанды интеллект, қаржы, сондай-ақ Alatau City сынды бірлескен жобаларға қатысуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Цай Гуаньшэнь, Sunwah Group корпорациясының төрағасы /Қытай/:


- Біздің ұйым Қазақстанда жобаларды қаржыландыруға арналған қор құру жөнінде Sturgeon Capital инвестициялық компаниясымен меморандумға қол қойды. Алғашқы кезеңде 100 млнн доллар инвестиция салуға ниеттіміз. Алдағы уақытта оның көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізу көзделген. Бұл қаражат Қазақстанның мұнай-газ және тау-кен салаларына бағытталады. Сондай-ақ қорды Гонконгта және Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркеу жоспарланған.


Сондай-ақ Мемлекет басшысы қытайдың бірқатар  компания жетекшілерімен кездесуде екі елдің ынтымақтастығын дамыту әлеуетін талқылады. VNET Group Деректерді өңдеу орталықтары алқабын және жасанды интеллект инфрақұрылымын жасақтау ісіне қатысуға ниетті. Shanghai Junhe Atomic Technology  ядролық отын өндіруден бастап шағын модульді реакторлар орнатуға әзір. Сондай-ақ Hong Kong Sino-Science Oil and Gas Gas мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты арттыруға мүдделік танытты. Silk Road Finance Corporation басшысымен қаржылық серіктестік мүмкіндіктері талқыланды.


Ал Fufeng Group еліміздің жоғары оқу орындарымен бірлескен білім бағдарламаларын әзірлеуді жоспарлап отыр. Жаңа кәсіпорын базасында қазақстандық ғылыми институттарды тарта отырып, зерттеу орталығын құру  көзделген. Қасым-Жомарт Тоқаев компания басшысы Ли Сюэчуньмен осы бастамаларды жүзеге асыру барысын талқылап, Жамбыл облысында ауқымды инвестициялық жобаны іске қосуымен құттықтады.

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Xinfa Group компаниясының басшысы Чжан Гуйчунмен Алматы облысындағы «Көлжат» кен орнын игеру әлеуетін қарастырды. Мемлекет басшысының айтуынша, мұнда жартылай кокс, сутегі, синтез-газ, жоғары сапалы мұнай өнімдерін өндіру тізбегін құрған жөн. Бұл тәсіл елімізді индустриялық тұрғыдан дамыту басымдықтарына сай келеді. Бұл қазақ-қытай өндірістік серіктестігі жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді.

Биыл қазан айында Қазақстанда Pinduoduo компаниясымен бірлескен жоба іске қосылады. Бұл туралы Қазақстан Президентінің аталған компания және YTO Express өкілдерімен кездесуінде белгілі болды. Кездесуде Almaty SkyHub көлік-логистика хабын құру жобасына айрықша мән берілді. Мақсат – Еуропалық одақ, ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне шығатын тауарларды жедел рәсімдеу.

 

Қытайлық UBTECH Robotics Алматыда білім беруге және қызмет көрсетуге арналған роботты техникалар шығаратын зауыт ашады. Мемлекет басшысы компанияның аға президенті Чжун Юнмен жобаны жүзеге асыру барысын талқылады. Бұдан бөлек, бірлескен құзырет орталығын құру аясында отандық мамандар зерттеу және өнім әзірлеу қызметіне қатыса алады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?