Қазақстан Президенті Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды

Қазақстан Президенті Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды

Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді. Жиын Маңғыстау облысында қаза тапқан әскерилерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен қаза болған әрбір әскери қызметшінің ата-анасына көңіл айтып, арнайы жеделхатымды жолдадым. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті. Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды өткізуге, әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруге тиіс. Президенттің өкіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру басталды. Комиссияны Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқарады. Мемлекет басшысы әскерді терең трансформациялау қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты шұғыл кадрлық шешімдер қабылдадым. Сіздерге Қазақстан Республикасының жаңа Қорғаныс министрі Мырзахметов Айдос Сәкенұлын таныстырғым келеді. Айдос Сәкенұлы Мырзахметов күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік – өте жоғары, алдағы міндеттер – аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануға тиіс

Басты мақсат - озық халықаралық тәжірибеге сай басқару жүйесін және цифрлық технологияларды қолдана отырып, жаңа үлгідегі армия қалыптастыру. Президент нақты әрі кезең-кезеңімен іске асатын Әскери реформа жоспарын дайындауды тапсырды, Қауіпсіздік кеңесі бұл құжатты қазан айында қарастыруы тиіс. Сонымен қатар, жаңа министрге бірқатар міндеттер қойылды. Олардың қатарында – бюджет тиімділігін арттыру, идеологиялық және тәрбие жұмысын күшейту бағыттары бар.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?