Ақордада Қазақстан Президенті Сингапурдың Аға министрімен кездесті. Қасым-Жомарт
Тоқаев әңгімелесу барысында Ли Сянь Лунның Қазақстанға алғашқы сапары еліміз
үшін тарихи мәнге ие екенін атап өтті. Бүгінде екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Оған дәлел – тұрақты
саяси диалог, сауда-саттықтың өсімі және елімізге сингапурлық капиталдың көптеп
тартылуы. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Сингапур Орталық және
Оңтүстік-Шығыс Азия өңірлерінде ірі сауда серіктестері болып қала береді. Елдеріміз
көпжақты форматтар аясында да тығыз байланыс орнатқан. Екі мемлекет те орта
держава саналады. Осы орайда, Президент халықаралық күн тәртібіндегі көптеген
мәселелер бойынша тараптардың ұстанымдары ұқсас екеніне назар аударды. Сондай-ақ
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару мен саяси жүйені одан әрі жетілдіруге
бағытталған елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгерістер туралы
әңгімеледі. Бұдан бөлек тараптар көлік-логистика және цифрландыру салаларындағы
ықпалдастық әлеуетін талқылады. Өз кезегінде Сингапурдың Аға министрі екіжақты
ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік
бергені үшін Президентке алғыс айтып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық
дамуындағы елеулі жетістіктерді атап өтті. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев
екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін
Ли Сянь Лунды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

