Қазақстан Президенті Халықаралық пән олимпиадалары жүлдегерлерімен кездесті

Қазақстан Президенті Халықаралық пән олимпиадалары жүлдегерлерімен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жүлдегерлерімен кездесті. Олар физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндерінен 6 – алтын медаль, 11 – күміс, 4 – қола медаль еншілеген. Президент білім сайысында үздік нәтижеге қол жеткізген дарынды жастарды жарқын жеңісімен құттықтап, оларға шынайы ризашылығын білдірді. Биыл оқушыларымыз 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Оның 200-ден астамы – алтын медаль.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 – Қазақстан жастары Сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Білім мен ғылым, инновация мен озық технология – бүгінгі дәуірдің басты қаруы. Жаһандық бәсекеде білімді, зияткер елдер ғана алға шығады. Сондықтан мен сіздерді «Қазіргі заманның нағыз батырлары» деп санаймын. Мен қазақ жастарының отаншыл, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын.

Қ.Тоқаев: Құрылтай сайлауы мінсіз ұйымдастырылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстаның қарқынды дамып келе жатқанын, елімізде ауқымды реформалар өткенін, жаңа Конституция қабылданғанын атап өтті. Еліміздің Негізгі заңында ғылымға, білім мен инновацияға басымдық берілген. Бұл жастардың жаңа белестерді бағындыруына үлкен мүмкіндіктер ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл сайлау сәтті, мінсіз ұйымдастырылды деп айтсақ, қате болмас. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүкіл халқымызға азаматтық кемелдік танытып, жаңару стратегиямызды қолдағаны үшін мың да бір алғысымды айтамын. Сайлау кезінде бір топ байқаушылар, соның ішінде халықаралық байқаушылар өте тиімді жұмыс істеді. Оларға да зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне рахметімді айтамын. Олар өте табанды қызмет атқарды.

Президент мемлекеттің дарынды жастарды әрдайым қолдап, олардың сапалы білім алу мен жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайды жасайтынын атап өтті. Дәстүр бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев лауреаттарға ақшалай сыйлық сертификаттарын тапсырды. Мемлекет басшысы сондай-ақ беделді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жеңіске жетелеген - ұстаздар мен тәлімгерлерге алғыс білдірді. Олар жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?