Азиядағы Өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі тікелей диалог форматында Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сенімді нығайтудың бірегей алаңы болып қала береді. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің VII саммитінде атап өтті. 30 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан осы форумды құруға бастамашы болды. Ал бүгінде Ұйымға мүше мемлекеттер - Азия аумағының 90% қамтып, жер шарындағы халықтың жартысынан астамын құрайды. Президент мұндай ауқым Кеңестің орасан әлеуетін көрсететіндігін және оны пайдалану қажеттігін айтты. Ұйым дәйекті диалог пен сындарлы консультацияларға негізделген қауіпсіздік моделін ілгерілетуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біздің Ұйым дау-дамайды бейбіт жолмен реттеуге, қарусыздандыруға және бейбітшілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алады. Бүгінде мұның маңызы арта түсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да халықаралық институттармен байланыс орната отырып, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі Азия мен одан тысқары аймақтардағы қайшылықтарды еңсеруде анағұрлым белсенді рөл атқаруға тиіс. Осы орайда, Кеңеске мүше елдердің ұжымдық саяси ерік-жігерін нәтижелі бастамаларға жұмылдыруға шақырамыз. Нақты қадам ретінде Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынамыз.
Өзара сенімді нығайту шаралары цифрлық салаға да таралуы тиіс. Бүгінде АІ мүмкіндіктері халықаралық ережелерден жылдам дамып барады. Мемлекет басшысы жақында Вашингтонда қол қойылған Суперинтеллект бойынша келісімді құптады. Бұл құжат Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы халықаралық шарттың негізі бола алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аталған үдеріске зор үлес қосуға қауқарлы екеніне сенімдімін. Осы саладағы жаһандық күш-жігер аясында Қазақстан Алматыда БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын орналастырады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттер аймағымыздың цифрлық болашағын бірге қалыптастыру үшін Орталық жұмысына атсалысады деп ойлаймын.
Кеңес ірі трансшекаралық жобаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қоса алады. Осыған орай Қазақстан Президенті көлік байланысы стратегиясын бірлесе әзірлеуді ұсынды. Бұл өңірдің және Орта дәліздің негізгі халықаралық көлік бағыттарының әлеуетін зерделеуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика қауіпсіздігінің маңызына жіті тоқталды. Бұл ретте Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Каспий жасыл энергетикалық дәлізінің негізін қалауда. Бұл серіктестік елдердің энергетикалық жүйелерін өзара байланыстырып, Еуропа нарықтарына шығуға жол ашады. Президент Әзербайжанмен бірлесіп, Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдаудың көлемін арттыру жоспары туралы да айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Каспий теңізі өңіріміздің ғана емес, әлемнің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие. Қазақстан Каспий өңірдегі және одан тысқары мемлекеттердің ортақ игілігі үшін әрқашан бейбітшілік пен ынтымақтастық кеңістігі болуы керек деп санайды. Бұл ретте су ресурстары мен экология саласындағы бірлескен күш-жігер арқылы оны сақтап қалу өте өзекті.
Қазақстан су ресурстары алдағы уақытта да ынтымақтастықтың көзі болуы керек деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйым аясында су ресурстары серіктестігін құруды ұсынды. Бұл технологиялық әріптестікке, бірлескен зерттеулер жүргізуге және су үнемдеу тетіктерін енгізуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы білім мен ғылымдағы өзара іс-қимылдың маңызын да атап өтті. Қазақстан Ұйым елдері студенттеріне стипендиялар мен гранттар ұсынуға дайын. Кеңестің құрамы да кеңейіп келеді - оған Лаос қосылды.

