Қазақстан мен Қытай энергетикалық ынтымақтастықты дамытуда

Қазақстан мен Қытай энергетикалық ынтымақтастықты дамытуда

Астанада жасыл энергетика жабдықтарына сервистік қызмет көрсету орталығы ашылды. Ол «Қытай – Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы» сауда-экономикалық институты жанынан құрылды. Орталық заманауи техникалық шешімдерге, электр станцияларын сүйемелдеуге, сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы мемлекеттерінің инженерлері мен техникалық мамандарын инновациялық технологиялармен жұмыс істеуге баулиды. Жаңа алаң Қазақстан-Қытай техникалық ынтымақтастық форумында таныстырылды.

Чжэн Ши, «Қытай – ШЫҰ» сауда-экономикалық институтының директоры:

- Орталық аясында біз мамандарды Астанада және Қытайдағы сауда-экономикалық институтымызда оқытамыз. Генераторлар, компрессорлар, газ және бу турбиналарына арналған жабдықтарды шығаратын ірі өндірушілермен тығыз байланыс орнаттық. Сондай-ақ осы техникаларға қызмет көрсету бойынша Қазақстан стандарттарына сай жұмыс істейтін мамандар даярлаймыз.

Екі ел компанияларының форумында озық технологияларды енгізу, жергілікті өндіріс ошақтарын құру мәселелері талқыланды. Қытайлық серіктестер Қазақстанда жүзге жуық жобаға қатысуды көздеп отыр. Таза энергетиканы дамыту бағытында өнеркәсіптік қондырғылардың жылуын кәдеге жарату арқылы электр энергиясын өндіру және геотермалдық ресурстарды игеру жобалары қарастырылуда. Бірлескен жұмысқа Қарағанды турбомеханикалық зауыты мүдделі. Кәсіпорын қытайлық өндірушілермен бірге бу турбиналарына арналған бөлшектер шығармақ. Қазақстандық мамандар энергия үнемдеу, өндіріс тиімділігін арттыру және зиянды шығарындыларды тазарту салаларындағы қытайлық тәжірибеге қызығушылық танытты.

Ғалымбек Әутәліпов, «Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры:

- Қытайлық әріптестердің электр энергиясын тиімді тәсілмен өндіру және көмірді таза жағу технологиялары саласындағы тәжірибесін үйренгіміз келеді. Газ тазарту қондырғыларының өнімділігін арттыру үшін қытайлық әріптестеріміздің қандай шешімдер ұсына алатынын зерделеуге ниеттіміз. Сондай-ақ осы тәжірибені өз кәсіпорнымызда қолдануды көздейміз.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?