Бішкекте ШЫҰ саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуі өтті. Ресей Президенті Мемлекет басшысын Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Оның айтуынша, дауыс беру нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағдары кеңінен қолдау тапқанын растайды. Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық рухында дамып келе жатқан ынтымақтастық қарқынды сипат алғанына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауы үшін Владимир Путинге ризашылығын білдіріп, конституциялық реформа аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай
жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Біз
мұны жақсы түсінеміз. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет. Қазір
Үкімет қол қойылған барлық келісімді іске асыруға кірісті. Өзіңіз атап
өткендей, сауда-саттық тез дамып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалады.
Ресей біздің басты инвестициялық және сауда серіктесіміз болып қала береді деп
ойлаймын.
Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту әлеуетін, сондай-ақ өзара мүддеге сай келетін салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады. Мемлекет тер басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Владимир Путин екіжақты қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды ілгерілеп келе жатқанын жоғары бағалады.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
– Үкіметаралық комиссия белсенді жұмыс істеуде. Өзара уағдаластықтарды
бұлжытпай орындағаны үшін оларға алғыс айтуымыз керек. Әсіресе, гуманитарлық
саладағы байланыстарымыздың жандана түскені қуантады. Қазақстандық 60 мың
студент Ресей жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Жуырда ғана Омбы қаласында
Қазақстанның маңдайалды оқу орнының филиалы ашылды. Яғни барлық мәселе бойынша
өзара түсіністік орнаған.

