Екіжақты тауар айналымын екі есе арттыру және қосылған құны жоғары экспорттық тауарлар тізімін кеңейте түсу қажет. Қазақстан Президенті мен Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Сон Сук екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту әлеуетін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мақсаттарға жету үшін өзара сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың 2027-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы локализациялау және өнімді үшінші нарыққа шығару бойынша перспективті жобаларды қамти отырып, өндірістік кооперацияның жеке жол картасын дайындауды ұсынды. Өз кезегінде Корея Үкіметінің басшысы корей корпорацияларының Алатау қаласын дамыту жобасына қатысуға дайын екенін жеткізді. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хан Сон Сук Қазақстандағы болашақ шаһарды салуға қатысты жобалармен танысты. Онда корей компанияларының қатысуымен ұшқышсыз ұшу аппараттары мен аэротаксиі бар әуе қозғалысын басқару жүйесін, ғылыми орталықтар мен K-Smart білім беру инфроқұрылымын құру, цифрлық модельдеу, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын енгізу көзделіп отыр.

