Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Канцлері Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді. Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады. Екі ел үкіметтері өзара ықпалдастықты кеңейтуге барынша жағдай жасайтыны атап өтілді. Бұдан бөлек тараптар көпжақты ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасты. Халықаралық құрылымдар, соның ішінде «Орталық Азия – Германия» форматы аясында белсенді байланыс қарқынын сақтауға уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның соңғы 21 жылда елімізге салған инвестициясы 8 млрд долларды межелегенін және салымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша бақылауда екенін тілге тиек етті. Бүгінгі таңда бірлескен инвестиция портфелінде жалпы құны 54 млрд доллар болатын 40 өнеркәсіп жобасы бар. Келіссөздер аясында жалпы құны шамамен 2 млрд доллар болатын 30 астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұл туралы Қазақстан Президенті БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фридрих Мерц жемісті өткен келіссөздер екі елдің байланысын одан әрі нығайтуға жол ашатынына сенім білдіріп, бұл сапарға ерекше мән беретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Германия – халықаралық аренада өте беделді мемлекет. Сондықтан мен осы елмен жаңа келісімдерге қол жеткіземіз деген үмітпен келдім. Біраз уағдаластық жасастық. Енді осы келісімдерді тиісті деңгейде жүзеге асыру міндеті тұр. Сондықтан мен келешекке үлкен үміт артамын. Бұдан да мол табысқа жететінімізге толық сенімдімін.
Фридрих Мерц, Германия канцлері:
- Өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумдардар жасалды және өзге де құжаттарға қол қою жоспарланып отыр. Нәтижелі екіжақты қарым-қатынас қалыптасқан Қазақстан тарапымен біздің орта бизнес ынтымақтаса алатындай мүмкіндіктер іздестірудеміз. Біздің көздеген мүддеміз – Қазақстаннан мұнай жеткізу туралы келісімге келу. Біз шикізат көздерімізді әртараптандыруға ниеттіміз және бұл салада Қазақстан Орталық Азиядағы өте маңызды серіктес болып табылатынын айту керек. Бұдан бөлек, біз Орталық Азия + 1 форматы туралы әңгімелестік. Мұндай кездесу 2027 жылдың басына жоспарланған.

