Франция Қазақстанды сенімді экономикалық серіктес ретінде қарастырады және бірлескен жобалар мен инвестиция көлемін арттыруға мүдделі. Бұл туралы Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге мәлімдеді. Табысты әріптестіктің бір мысалы - Астанада жүк және жолаушылар электровоздарын шығаратын Alstom компаниясы. Сондай-ақ, сервистік инфрақұрылымды дамытуға қосымша 50 млн еуро бөлінеді. Мәдени байланыстар да нығайып келеді. Қыркүйек айында Астанада тарихшы Мари Фавероның Алтын Орда туралы кітабының қазақ тіліндегі нұсқасы таныстырылды. Автор бұл зерттеуге 20 жылдан астам уақытын арнаған. Басылым Франция елшілігінің қолдауымен жарық көрді. Мұның бәрі - көпсалалы әріптестіктің нақты көрінісі.
Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстанға қызығушылық танытатын, осы елде іс жүргізуге ниетті француз кәсіпорындарының саны жыл санап артып келеді. Бұл ел экономикасының қарқынды дамуына бизнес өкілдерінің қызығушылығын, елдің инвестициялық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Мысалы, жуырда ірі француз компаниясы – POMA, бірегей туристік нысан «Almaty SuperSki» жобасы аясында аспалы жолдар мен оған қажетті жабдықтарды жеткізу туралы Қазақстанмен келісімшарт жасасты.

