Бельгия Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты нығайтудан бөлек, еліміздің конституциялық және парламеттік реформаларды жүргізу, ұлтаралық келісімді сақтау және тіл саясатын жүзеге асыру тәжірибесін зерделеуге мүдделі. Бұл жайлы Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко экслюзивті сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашып, екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Роман Василенко, ҚР Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі елшісі, ЕО жанындағы және Солтүстік Атлант шарты ұйымындағы ҚР өкілдігінің басшысы:
- Бельгия Қазақстанды сауда-экономикалық және инвестициялық тұрғыдан аса маңызды серіктес ретінде қарастырады. Қазір әлемде стратегиялық маңызы бар шикізат ресурстары үшін жаһандық бәсеке жүріп жатыр. Осы жағдайда Бельгия Қазақстанның ынтымақтастыққа ашық, негізгі серіктестердің бірі бола алатынын жақсы түсінеді. Еліміз мұндай ынтымақтастыққа әрдайым ашық. Әрине, Қазақстан бүгінде Орта дәліздің маңызды буыны саналады. Ал Еуропа нарағына шығатын негізгі қақпалардың бірі Антверпен – Брюгге портының мүмкіндіктерін ескере отырып, Бельгия Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытуда.

