Қазақстан Президентіне, Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильдаға жасанды интеллект саласындағы жаңа жобалар таныстырылды. Құрметті қонақтар Alem.ai орталығында музей экспозициясын, роботты техника аймағын және ЖИ-кинотеатр мүмкіндіктерін тамашалады. Сонымен қатар TUMO Astana білім беру бағдарламасы, сондай-ақ Қазақстан-Бельгия бірлескен АІ және математика зертханасының жұмысы көрсетілді. Зертханада NeuroLearn нейроғылым мен бейімдеп оқыту салаларындағы әзірлемелер және ParkScreen Паркинсон ауруын алдын ала анықтайтын ЖИ скрининг әдістері секілді бастамалар қолға алынған. Іс-шара барысында Гент университетінің атынан Қазақстанның оқушылары мен студенттеріне Нобель сыйлығының физика саласы бойынша лауреаттары Франсуа Энглердің, Герард ’т Хоофттың және Мишель Майордың, сондай-ақ бельгиялық астронавт Франк Де Винненің қолтаңбасы бар телескоп табысталды.

