Қазақстан Президенті Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жасанды интеллект қолданған фильмдердің бірінші халықаралық байқауы екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы бірегей жоба – еліміздегі креативті индустрия саласының қарқынды дамуының жарқын көрінісі. Қазақстан бұл бағытта біртұтас экожүйе құру үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Сонымен қатар дарынды азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Астана төрінде осындай жаһандық ауқымдағы іс-шараның өтуі кездейсоқ емес. Қазақстан – жастардың елі, халқымыздың орташа жасы – 33 жас. Мен Қазақстан жастарын білімге ұмтылатын, жаңалыққа құштар, озық ойлы азаматтар деп санаймын. Осы байқаудың арқасында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асырады деп сенемін.
Жалпы Astana AI Film Festival-не әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Байқауға АҚШ, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия, Франция және өзге де ел азаматтары өз жұмысын жолдады. Қасым- Жомарт Тоқаев осы тұста қазылар алқасының құрамында әлемге әйгілі өнер және технология саласының мамандары бар екенін айрықша атап өтті. Президент бұл жоба талантты әрі мақсатшыл жандарға тың мүмкіндік сыйлап, әлемдік креативті индустрияны ілгерілетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазіргі таңда шағын шығармашылық ұжымдар үлкен студиялармен бәсекелесе алады. Шығармашылық адамдары мен түсірілім топтары үшін фильм түсіруде продюсерлік компаниялардың табалдырығын тоздырып, демеуші іздеудің қажеті жоқ. Нарыққа шығудың жолы әлдеқайда жеңілдеді. Бұл бір жағынан бәсекелестікті арттырып, екінші жағынан талантты адамдардың өзін танытуына мүмкіндік береді. Осы оң өзгерістерді креативті қауымдастықты біріктіру жолында тиімді пайдалануымыз керек.

