Этносаралық татулықтың қазақстандық моделі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы конференциясының өзегіне айналды. Варшавада өткен жиында Қазақстанның тең құқықты қамтамасыз етуге және азаматтарды кемсітушіліктен қорғауды көздейтін біріңғай заң жобасы таныстырылды. Заңнама Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен және БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен дайындалған. Конференцияда отандық сарапшылар құжаттағы адам құқықтарын қорғау тетіктерін дамытудағы маңызы жайлы баяндады. Қазақстанда қазір 130-дан астам этнос өкілі бір шаңырақ астында тату- тәтті өмір сүріп жатыр. Елімізде ондаған түрлі діни конфессияны өкілдік ететін 3 мыңнан астам діни бірлестік жұмыс істейді. Ұлтаралық және дінаралық келісім елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі. Конституция адамның нәсіліне, ұлтына, тіліне және дініне байланысты кемсітушілікке тікелей тыйым салады.
Муслим Хасенов, Maqsut Narikbayev University-дің Жеке құқық департаментінің қауымдастырылған профессоры:
- Заң жобасында тікелей, жанама жалпы барлық кемсітушілікке тыйым салынатын құқықтық тұжырымдамалар жазылған. Бұл институционалдық тетіктерді, жауапты мемлекеттік органдарды және осы функциялардың жүзеге асырылуын күнделікті бақылайтын ұйымдарды, яғни нақты кепілдіктерді белгілейді.
Кристоф Камп, ЕҚЫҰ аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары:
- Қазақстаннан шақыру алып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысу мен үшін үлкен құрмет болды. Қазақстан діни көшбасшылар мен діни қауымдастықтарды біріктіруде өте маңызды рөл атқарады. Бұл өте сезімтал мәселе. Кездесулер мен талқылаулар үшін осындай платформа ұсыну арқылы Қазақстан діни қауымдастықтар мен олардың көшбасшылары арасындағы диалогты дамытуға үлкен үлес қосып отыр.

