Қазақстанда банк секторы мен капитал нарығының мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қаржы саласын дамытудың негізгі бағыттарын айқындады. Мемлекет басшысы отандық банктердің активтері 75 триллион теңгеден, ал депозиттер көлемі 52 триллион теңгеден асқанын атап өтті. Бұл еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын көрсетеді. Ендігі басты міндеттердің бірі – жинақталған қаражатты экономиканың нақты секторына бағыттау. Осы мақсатта Президент негізгі салаларды ұзақ мерзімді қаржыландырудың жаңа тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте банктердің, даму институттарының, халықаралық қаржы ұйымдарының және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ресурстарын біріктіру көзделіп отыр. Сонымен қатар, жеке компанияларға биржалық құралдарды белсенді пайдалану ұсынылмақ. Белгіленген басымдықтарға шетелдік сарапшылар да өз бағасын берді.
Гленн Агунг Холе, Оңтүстік-Шығыс Норвегия университетінің профессоры:
- Қаржы институттары арасындағы тығыз ынтымақтастық жауапкершілікті үйлестіріп, қаржы қолжетімділігін арттырады. Даму институттары ұлттық басымдықтарды қолдауы керек. Алайда олардың өкілеттіктері мен мойнына алатын тәуекелдері жария болуы тиіс. Қазақстан үшін басты артықшылық – қаражатты қайда бағыттау жөнінде күрделі шешімдер қабылдайтын жүйе қалыптастыру. Мұндай жүйе келешегі зор инвестициялық жобаларды қолдап, әлеуеті төмен жобалардан бас тарта білуі керек. Бұл тәсіл қолда бар капиталды ұзақ мерзімді экономикалық құндылыққа айналдырады.

