Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясының Жоғары деңгейдегі апталығында ұлттық және өңірлік бастамаларын таныстырады. Жиын 22-28 қыркүйекте Нью-Йоркте өтеді. Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастап барады. Жалпы пікірталастар барысында ол бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, ядролық қарусыздану сияқты негізгі халықаралық мәселелер бойынша еліміздің ұстанымын танытады. Орталық Азия мен Ауғанстандағы тұрақтылық, су және экологиялық қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, адам құқықтарын қорғау, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және БҰҰ реформасына айрықша назар аударылмақ. Күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың қатарында жаңа технологиялар, соның ішінде жасанды интеллектіні дамыту мәселелері де бар.
Жанболат Үсенов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Қазақстан үшін Жоғары деңгейдегі апталық ұлттық және өңірлік бастамаларды ілгерілету, екіжақты байланыстарды нығайту және жаһандық әрі өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша бірлескен шешімдер әзірлеу тұрғысынан маңызды алаң болып табылады.
Сапар бағдарламасы делегация басшысының жалпы пікірталастар барысындағы сөз сөйлеуін, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен кездесуін, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен және шетелдік компаниялардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулерін өткізуді көздейді.
Қазақстандықтар Индонезияға визасыз кіре алады

Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтар үшін бірқатар елдердегі кіру және болу талаптарының өзгергенін де мәлімдеді. Мәселен, Индонезия Қазақстан азаматтары үшін 30 күнге дейінгі мерзімге визасыз режим енгізді. Ал Таиланд, бұл тәртіпті 60 күннен бір айға дейін қысқартты. Қыркүйек айынан бастап Грузияда да жаңартылған талаптар күшіне енді. Олар тиісті рұқсатсыз жұмыс істейтін шетел азаматтарына қатысты. Бұл ретте қазақстандықтар үшін визасыз режим 365 күнге дейін сақталады.

