Қазақстанға мемлекеттік сапармен бельгиялықтар Королі мен Патшайымы келді

Қазақстанға мемлекеттік сапармен бельгиялықтар Королі мен Патшайымы келді

Қазақстанға бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильда мемлекеттік сапармен келді. Корольдік жұптың ұшағы ел шекарасынан өткен сәттен бастап Әскери-әуе күштері қатарласа ұшып, мәртебелі меймандарды елорда әуежайынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Ұшу алаңында Құрмет қарауылы ротасы мен Президенттік оркестр сап түзеді. Салтанатты рәсімнен кейін әуе айлағының залында Қазақстан Президенті құрметті қонақтармен аз-кем әңгімелесіп, сапардың қазақ-бельгия қарым-қатынасын нығайтудағы тарихи маңызын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанға қош келдіңіздер. Сапарларыңыз мемлекетіміздің дамуындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы, еліміз өркендеп, экономикасы ілгерілеп келеді. Сіздердің сапарларыңыз екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп айтуға болады.

Король Филипп қонақжайлық көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, жоғары деңгейде өтетін келіссөздердің екі елдің сан қырлы серіктестігін тереңдетудегі маңызын атап өтті.

Филипп, бельгиялықтар Королі:

– Ұшақ трапынан қазақ жеріне қадам басқан сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет үшін Сізге алғыс айтамын. Үш күндік сапармен келгенімізге қуаныштымыз әрі еліңізбен жақынырақ танысамыз деп сенемін.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?