Астанада ТМД елдері Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің 93-отырысы өтті. Оған Достастықтың 9 мемлекетінің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Кездесуде сыртқы шекаралардың қауіпсіздігін нығайту, терроризмге, экстремизмге және трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл талқыланды. Отырыста қауіпсіздік саласындағы жаңа сын-қатерлер жағдайында өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелері пысықталды. Атап айтқанда, қатысушылар шекара ведомстволары арасындағы ақпарат алмасуды автоматтандыруға және бірлескен операциялардың тиімділігін арттыруға назар аударды. Қатысушылар атап өткендей, Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі жылдар бойы өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып отыр. Келесі жылы ұйым құрылғанына 35 жыл толады.
Нұрлан Сейтимов, ТМД бас хатшысының орынбасары:
- Біздің ынтымақтастығымыздың екі айтулы мерейтой аясында өтіп жатқаны символдық мәнге ие. Биыл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылғанына 35 жыл. Бұл – посткеңестік кеңістіктегі өзара көпжақты іс-қимыл моделінің өміршеңдігі мен сұранысқа ие екенін растайтын маңызды белес. 2027 жыл – Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің қызметіндегі 35 жылдық меже. Бұл – көпжылдық бірлескен жұмыстың құндылығын айғақтайды. Кеңес ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын дамыту мақсатында құрылды және өткен онжылдықтар ішінде ТМД қауіпсіздік архитектурасының ажырамас бөлігіне айналды.

