Қазақстан алғаш рет халықаралық HackAlem AI хакатонын өткізіп, бірден әлемдік рекорд орнатты. Астанаға 21 елден 2 жарым мыңға жуық қатысушы келді. Халықаралық байқау Гиннестің рекордтар кітабына еніп, Үндістанның көрсеткішінен асып түсті. Ұйымдастырушылар мұны елдің технологиялық қауымдастығы үшін маңызды жетістік деп отыр. Бұл Қазақстандағы жасанды интелект саласының әлеуетін танытады. Дегенмен, HackAlem AI-дың мақсаты рекорд орнату емес. Қатысушылар цифрлық технологияның көмегімен бизнес пен мемлекеттік сектордағы нақты мәселелерге шешім ұсына ды. Студенттер мен жас мамандарға өз жобаларын дайындауға небәрі бес сағат берілді. Тапсырмалар энергетика, қаржы, білім беру, логистика және сауда тәрізді 10 бағытты қамтыды. Қатысушыларға OpenAI мен NVIDIA-ның озық технологиялары қолжетімді. Ал, Аризона университеті қосымша білім ресурстарын ұсынды.
Олжас Аманкелдин, Назарбаев университетінің студенті:
- Біз өзіміз бұрыннан игерген бағытымыз-«Басқаруды» таңдадық. Адам өмірінде түрлі оқиғалар орын алуы мүмкін. Осыған байланысы төтенше жағдай кезінде қажетті қызметтердің бәрін бір жерден шақыруға мүмкіндік беретін қосымша әзірледік. Мәселен қолданушы полицияны, жедел жәрдемді немесе өрт сөндіру қызметін таңдай алады. Оқиға туралы ақпаратты енгізгеннен кейін қосымша адамның геолокациясын автоматты түрде анықтап, мәліметті операторға жібереді. Одан әрі оператор тиісті диспетчерге хабарлама жолдайды.
Жұмыс жоба прототипін әзірлеумен шектелмейді. Ең озық шешімдер пилоттық режимде жүзеге асыру мүмкіндігін алады. Үздік AI-жобалардың авторларына 200 мың доллар көлемінде жүлде қоры үлестіріледі. Ал байқау жеңімпаздарының есімі халықаралық технологиялық алаңда жарияланады. Ресми марапаттау рәсімі AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы қарсаңында өтеді.
Асет Абдуалиев, Silkroad Innovation Hub бас директоры:
- Бұл шара Қазақстанда
өтетін «AI MONTH», яғни жасанды интеллект айының алғашқы іс-шарасы. Бүгінде
жасанды интеллект пен есептеу қуаттарын жаңа дәуірдің мұнайы деуге болады. Бұл бізге
тек шикізат ретінде ғана емес, жаңа білім мен технологияларға қажет шешімдер
ретінде экспортауға болатын бірегей ресурс түрі. Қазрдің өзінде елде
қалыптасқан білім мен тәжірибе біздің өңірде ғана емес, әлемдегі цифрлық
технологияны дамытуға үлес қосып келеді. 1 қазанда ең үздік шешім анықталады.
Жеңімпаз қаржылай сыйлықпен қатар, өз AI-шешімін жүзеге асыру мүмкіндігіне ие
болады.

