Астанада Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтті

Астанада Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтті

Қазақстанда тарихи оқиға - еліміздің жаңа бір палаталы заң шығарушы органы - бірінші шақырылымдағы Құрылтай жұмысын бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші сессияны ашық деп жариялап, депутаттарға табыс тіледі. Құрылтайдың қызметіне кірісуі – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі басталғанын айғақтайды. Депутаттардың алдында нақты міндеттер тұр. Бірінші кезекте олар заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіріп, заң шығару жұмысының сапасын қамтамасыз етуі тиіс. Осы мақсатта бір палаталы Парламенттің өкілеттігі едәуір кеңейтілген. Құрылтай биліктің сот және атқарушы тармақтарын қалыптастыруға қатысады, Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітеді, сондай-ақ Үкіметке сенімсіздік білдіре алады. Президенттің айтуынша, депутаттардың басты жауапкершілігі - сайлаушылардың бұйрықтарын орындау және мемлекет мүддесіне қызмет ету.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек. Себебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер етеді. Сондықтан заңның әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет. Түптеп келгенде, Құрылтай еліміздің заңнамаларын заман талабына сай жаңғыртуы керек. Ұлттық мүддені, жұртшылықты толғандыратын мәселелерді және қазіргі әлемдік үрдістерді ескере отырып, бұл жұмысты жедел әрі сапалы атқарған жөн.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, цифрлық активтер, көші-қон, онлайн-платформалар мен медиа салаларына қатысты заңдарға айрықша назар аударуды тапсырды. Президент ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау және кәмелет жасына толмағандардың әлеуметтік желдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де жіті тоқталды. Мемлекет басшысы заң шығару сапасын арттыру үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға шақырды. Қазіргі таңда Президенттің бастамаммен «Е-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Басты мақсат – цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру. Құзырлы органдар депутаттармен бірлесіп, осы платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуі қажет. Ол бұл ретте озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайтынын тілге тиек етті. Президенттің айтуынша, Құрылтай мемлекет пен халықтың арасында дәнекер болып, ұлтымызды ортақ іске ұйыстыруы тиіс. Яғни, қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Халық сіздерге зор сенім артып отыр. Енді сол сенімді ақтап, қоғамға пайдасы тиетін шаруамен айналысу қажет. Әрбір шешім елдің тағдырына, мемлекеттің болашағына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әр қадам байыппен жасалуға тиіс. Жеке бастың мүддесі емес, елдің мүддесі басты орында тұруы керек.


Президент алдағы кадрлық шешімдер туралы хабарлады. Мемлекет басшысы Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң Вице-Президенттің және Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгізеді. Кейін Үкіметтің жаңа құрамы бекітіледі. Сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасарын тағайындау жоспарланып отыр. Негізгі билік органдары құрылғаннан кейін Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа Жолдауын ұсынады. Қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталады. Елдің этникалық, аймақтық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болады. Осылайша, қысқа уақыттың ішінде биліктің барлық негізгі институттары жаңғырып, алдағы реформаларға тың серпін береді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?