Астанада энергетика саласындағы озық әзірлемелер таныстырылды

Астанада энергетика саласындағы озық әзірлемелер таныстырылды

Қазақстандық шикізат заманауи аккумуляторлар өндірісінде және сутегі энергетикасын дамытуда қолданылуы мүмкін. Осы бағыттағы жобаны отандық ғалымдар Астанадағы INESS-2026 халықаралық конференциясында таныстырды. Оған Еуропа, Азия, Африка және Американың 10-нан астам елінен жетекші әлемдік сарапшылар жиылған. Олар таяу жылдары энергетика саласын өзгертетін жаңа ғылыми әзірлемелерді талқылауда. Заманауи аккумуляторлар, энергия жинақтау жүйелері, жасанды интеллект пайдаланатын технологиялар, экстремалды жағдайларда жұмыс істеуге қабілетті «ақылды» сенсорлар мен жаңа материалдарға баса назар аударылды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай шешімдер әлемдік энергетика мен жоғары технологиялық өнеркәсіпті дамытудың өзегіне айналады.

Әлия Мұқанова, Nazarbayev University жетекші ғылыми қызметкері:

- Сирек кездесетін металдарды түрлі технологиялар мен энергетика бағытында тиімді пайдалануға боолады. Яғни, біз қазір осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз және таяу арада тиісті бағдарламаны іске қосамыз. Ол сутегі энергетикасына арналған катализаторларда және біз қазір белсенді түрде ілгерілетіп отырған жоғары жылдамдықты өткізгіштерде қолданылады. Осы әзірлемелерді келесі деңгейге жетілдіріп, өндіріске енгізгіміз келеді.

Конференцияда 100-ден астам ғылыми әзірлемелер ұсынылды. Олардың арасында шетелдік зерттеушілердің жобалары да бар. Осылайша, ресейлік ғалымдар суды электролиздеу арқылы «жасыл» сутекті алу технологиясын таныстырды. Бұл жаңартылатын энергия көзін пайдаланып, экологиялық таза отын өндіруге мүмкіндік береді. Осы мақсатта жасанды интеллект көмегімен ең қолайлы материалдар таңдалады, бұл технологияны арзандатады және оның тиімділігін арттырады.

Сергей Левченко, Сколково ғылым және технологиялар институтының доценті /Ресей/:

- Егер электр энергиясы жасыл қуат көздерінен өндірілетін болса, онда көмірқышқыл газының, өзге улы газдардың бөлінуін болдырмастан сутегіні өндіруге болады. Егер Қазақстан «жасыл» сутек өндірісіне мүдделі болса, біз әзірлеп жатқан материалдарымыз қажетке жарауы мүмкін. Жалпы сутегі әртүрлі салаларда қажет. Сутегіні отын  ретінде де пайдалануға болады. Бұл сутегі энергетикасы деп аталады, сондай-ақ оны химия өнеркәсібінде де қолданады. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?