Астанада Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің отырысы өтті

Астанада Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің отырысы өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев және Король Филипп пен Патшайым Матильда Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысты. Президент мәртебелі меймандардың осы іс-шараға қатысуы тату достық пен екіжақты серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға деген ортақ ұмтылысты көрсететінін атап өтті. Бельгия Қазақстан экономикасындағы 10 ірі инвестордың қатарында. Соңғы жиырма жылда бельгиялық компаниялар 15 миллиард доллардан астам қаржы құйған. Екіжақты сауда өсіп келеді. Жыл басынан бері екі ел арасындағы алыс-беріс 10% өсті. Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты одан әрі жандандыру әлеуетін атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, негізгі бағыттарының бірі - көлік және логистика. Қазақстан Орта дәліз бойындағы авто және теміржол инфрақұрылымын, теңіз порттары мен терминалдарды белсенді жаңғыртуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осы орайда, Еуропадағы ірі логистикалық орталықтың бірі ретінде Бельгияның бай тәжірибесінен үйренеріміз көп. Антверпен-Брюгге порт кешені мен Каспий теңізіндегі Ақтау, Құрық порттары арасында нәтижелі серіктестік орнайтынына сенімдіміз. Бұл Қазақстанның металл, мұнай химиясы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін үлкен нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.

АІ мен технологиялық индустрияны дамыту да өзара серіктестіктің негізгі басымдықтарының бірі. Бұл ретте Мемлекет басшысы AlemAi мен Alatau City мүмкіндіктерін өнеркәсіптің озық салаларын дамытуға арналған орталық ретінде қарастыруды ұсынды. Энергетика, аса маңызды материалдар, сондай-ақ мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті зор. Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия компанияларын шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары полимер өнімдерін шығару бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мақсатымыз – отандық өңдеу өнеркәсібін өркендетіп, қосылған құны жоғары тауар шығару. John Cockerill және Qarmet компаниялары мырышталған болат пен қорғаныш жабындарын өндіру бойынша серіктестікті жолға қоймақ. Бельгиялық әріптестердің геологиялық барлау, шикізат және металл өңдеу жобаларына қатысуын құптаймыз

Бұдан бөлек, Қазақстан медицина саласында ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Бұл сала мамандарын даярлауға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және онкологиялық ауруларды емдеудің озық тәсілдерін  енгізуге мүмкіндік береді. Президент Бельгияның фармацевтикалық компанияларын елімізде өндіріс орындарын ашуға шақырды. Король Филипп екіжақта да Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға қажетті алғышарттар бар екенін атап өтті.

Филипп, Бельгиялықтар Королі:

– Еуропалық одақтың дәл ортасында орналасқан Бельгия Еуропа нарығына шығатын қақпа ретінде елеулі рөл атқарады. Сондай-ақ технология, инновация, таза энергетика, логистика және халықаралық сауда саласында айтарлықтай тәжірибеге ие. Ал Қазақстан еуразиялық кеңістіктің маңызды аумағы саналады. Географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуының және мол табиғи ресурстарының арқасында Қазақстан әлем экономикасында ерекше орны бар аймақтық сауда, инвестиция және жасыл экономиканы дамыту орталығына айналды. Мұның бәрі ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге шынайы негіз болады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?