Цифрландыру - Қазақстанға инвестиция тартудың жаңа бағытына
айналды. Бұрын шетелдік капиталдың негізгі қызығушылығы мұнай мен тау-кен
саласына шоғырланса, бүгінде инвесторлар технологиялық жобаларға ден қойған.
Мұндай жобалардың бірегейі - «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы», ол жасанды
интеллектіні дамыту және есептеу қуаттарын орналастыруға қажетті базалық нысан
болмақ. Жобаға ірі халықаралық технологиялық компаниялар тартылған. Салалық
министрлік атап өткендей, мұндай бастамалар елге капитал ғана емес, сондай-ақ
озық технологиялар мен жаңа құзыреттіліктерге қолжетімділік береді. Үкімет
бекіткен 2029 жылға дейін Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге
асыру жөніндегі іс қимыл жоспары салаға серпін бермек. Астанада таныстырылған
құжат үш бағытта: азаматтарға, бизнес және мемлекеттік аппаратқа цифрлық
шешімдер ұсынады.
Бақтияр Мұхаметқалиев, ҚР жасанды интеллект және сандық
даму вице-министрі:
- Қазақстан е-гов платформасы бойынша қазірдің өзінде әлемдегі үздік 10 елдің қатарына енеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингінде 24-ші орындамыз. Бұл, жаңа инвестициялар тартуға жол ашады. «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» туралы айтатын болсақ, бұл үлкен жоба Екібастұз қаласында іске асырылып жатыр. Президентіміз әлемдік деңгейдегі алпауыттар Firebird және NVIDIA компанияларымен келісімге қол қойды. Олар жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысады. Біріншіден, бұл экономикалық өсім береді. Екіншіден - жаңа технологияларға қолжетімділік. Айталық, осы нысанда қолданылатын чиптер әрбір елге қолжетімді емес. Үшіншіден – құзыреттілігі жоғары мамандар қалыптасады.
Ростислав Коняшкин, ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі:
– Біз мемлекеттік қызметтерді көрсетуге жасанды интеллекті енгізу және оларды сандық жүйеге келтіру бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бұл өз кезегінде халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну көрсеткішін едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Мәселен, биылғы алғашқы 6 айды өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілер қатары 30% азайғанын көріп отырмыз. Бұның бәрі азаматтардан келіп түсетін жалпы өтініштерінің шамамен 80% құрайтын ең көп сұранысқа ие 10 мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытында белсенді жұмыс жүргізудің нәтижесі.
Нақты межелердің қатарында АІ негізіндегі жүйелер арқылы мемлекеттік
қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсету мерзімдерін кемінде екі есеге
қысқарту, экономиканың негізгі салаларын цифрландыру және отандық IT-қызметтер
мен шешімдер экспортын кемінде 50% арттыру бар. Білім беру саласына да ерекше
мән берілген. 2029 жылға қарай мектеп, колледж және жоғары оқу орындары
түлектерінің кемінде 80% АІ-ді қолданудың базалық дағдыларын меңгеруі тиіс.

