Астанада халықаралық инвестициялық және қаржы
компаниялары Қазақстан экономикасына капитал салудың жаңа мүмкіндіктерін
талқылауда. Осы күндері елордада өтіп жатқан Astana Finance Days форумына
әлемнің 90 елінен 8 мың қатысушы жиналды. Олардың қатарында BlackRock, Goldman
Sachs, Capital Group, Brookfield және
басқа да ірі халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері бар. Елордада бас қосқан
компаниялардың басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 26 трлн доллардан асады.
Іскерлік топ өкілдері нақты секторды қолдау, инвесторлардың құқықтары мен
мүдделерін қорғау, қаржы инфрақұрылымын дамыту және трансшекаралық
ынтымақтастық мәселелерін кең талқыға салып жатыр. Ұйымдастырушылардың
айтуынша, биыл қазақстандық бизнес пен халықаралық инвесторлар арасындағы өзара
іс-қимылдың нақты тетіктеріне ерекше назар аударылған. Бұл ретте елде қолайлы
жағдайлар жасалған.
Ренат Бектұров, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының
басқарушысы:
– Біз инвесторлар мен іріктелген жобаларды бір алаңға
жинадық. Жоба авторлары өздерінің тың бастамаларын таныстырып, питч жасай
алады. Ал инвесторлар үздік жобаларды таңдап, келісімшарттар жасасу
мүмкіндігіне ие. Яғни, бұның нақты нәтижелерін келесі жылы көреміз деп
ойлаймын. Биыл да капитал нарығы және реттеу мәселелері бойынша жұмысты
жалғастырамыз. Цифрлық активтер мен токенизацияға қатысты да үлкен жоспарымыз
бар.
Тау-кен өнеркәсібі, инновациялық жобалар, жасанды интеллект
технологиялары инвесторлардың
қызығушылығын тудыратын бағыттар. Janus Henderson Investors компаниясы әлемнің
түрлі елдерінде 500 млрд доллардан астам активті басқарады. Компания өкілдері
Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының дамуын және АХҚО ұсынып отырған мүмкіндіктерді атап өтті. Қазір
шетелдік ұйым төл қызметінің ауқымын кеңейтіп, елімізге тікелей инвестиция салу
мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Мишал Аль Фарис, Janus Henderson Investors Компаниясының Таяу Шығыс, Африка және Орталық Азия бойынша өңірлік басшысы:
– Біз Astana Finance Days форумына екінші рет қатысып
отырмыз. Жыл сайын бұл іс-шараның ауқымы кеңейіп келе жатқаны қуантады. Алдағы
уақытта АХҚО-да өз өкілдіктерін ашатын компаниялар саны арта түсетініне кәміл
сенемін. Оның қызметтіне бізде қызығушылық танытып отырмыз. Қазақстан
үкіметімен тұрақты байланыстамыз. Біздің тарап өз қызметінің аясын кеңейтіп,
оны Қазақстанда дамытуға ниетті. Сондықтан қазір ел экономикасына инвестиция
салу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

