Astana Ai Film Festival: 125 елден 8 мыңнан астам жұмыс келіп түсті

Astana Ai Film Festival: 125 елден 8 мыңнан астам жұмыс келіп түсті


Astana AI Film Festival-іне 125 елден 8 мыңнан астам жұмыс келіп түсті. Елордада ең ауқымды АІ кино байқауы өтеді. Сынға түсетін фильмдердің тақырыбы да әр түрлі. Олар фантастика, анимация, драма және комедия сынды барлығы 19 жанрды қамтымақ. Туындылардың ұзақтығы да әртүрлі. Бір жарым минуттық роликтерден бастап  4 сағатқа дейін созылатын фильмдер де бар. Жалпы, барлық жұмыстардың хронометражы 100 мың минуттан асады. Өтінім саны бойынша АҚШ, Қазақстан, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Корея көш бастады. Фильмдердің 40% астамын  «Өмір сүруге тұрарлық болашақ» атты байқаудың басты тақырыбы біріктіреді. Бұл туындыларды  жасау үшін жас режиссерлер, тәуелсіз командалар мен AI-креатив индустриясының кәсіби мамандары Suno AI, Kling, GPT Image және ElevenLabs сынды 80-нен астам генеративті модельді пайдаланған. Қазір үздік жұмыстар іріктеліп жатыр. Ал қазан айында ақтық сынға шыққан үздік туындылар алғаш рет көрермен назарына үлкен экраннан ұсынылады.

Алмас Жәли, AAIFF тең  құрылтайшысы және кеңес төрағасы:

– Біздің мақсатымыз – елімізді осындай жобалар арқылы әлемге таныту. Яғни, Астана мен Қазақстанды АІ-ді дамытып жатқан озық елдердің картасына енгізу. Мемлекет басшысы 2026 жылды Жасанды интеллект жылы деп жариялады. Еелімізде жасампаздыққа бағытталған осындай AI атмосферасы қалыптасып келеді. Сондықтан Astana AI Film Fest сияқты бастамаларымызды іске асыру бізге әлдеқайда жеңіл болды. Бұл – тек бастамасы.

Astana AI Film Festival-нің жалпы жүлде қоры 2 млн долларды құрайтынын айта кету керек. Оның тең жартысы байқау жеңімпаздарына бұйырмақ. Ал қалған бөлігін кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан шығармашылық  әлеуеті зор командаларды қолдау үшін бөлген. Бұл қаржы үздік бастамаларды Қазақстаннан тысқары ілгерілетуге бағытталуы тиіс. Оның басты шарты – Astana Hub-қа тіркелу. Инвестор заманауи киноиндустрия үшін Қазақстаннан үлкен мүмкіндік көретінін айтып, оның себебін түсіндірді.

Баладжи Сринивасан, инвестор:


- Қазақстан қуат көзінің құны әлемдегі ең арзан елдердің бірі.  Мұнда жасанды интеллект пен криптовалюта салалары белсенді дамып келеді. Республика білікті мамандарды тартуға ашық. Бұл – ең алдымен АІ шешімдерге бағдарланған ел. Президент Тоқаев айтқандай, әлемдегі алғашқы цифрлық мемлекеттердің біріне айналуды көздейтін ел. Бұған дейін кино өндірісіне қажетті инфрақұрылымның бәрі қазір біртіндеп өткеннің еншісінде қалып барады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?