Қазақстан мен Қытай жер сілкінісін зерттеу ісінде
ынтымақтасады. Табиғи апаттың алдын алу үшін тараптар Алматыда бірлескен
зерттеу орталығын ашты. Ол үшін бір жылдан астам уақыт дайындық жұмыстары
жүргізілген. Орталықта үш заманауи зертхана жұмыс істейтін болады. Екі ел мамандары
сейсмикалық белсенділікті зерттеп, жер сілкіністерін бақылау, болжау және ерте
ескерту жүйелерін жетілдіреді. Негізгі назар Қазақстанның сейсмикалық қаупі
жоғары өңірлері мен Алматы қаласына аударылмақ. Шаһар аумағынан 80 шақырым
радиуста жыл сайын 200 дейін әлсіз жер дүмпуі тіркеледі. Сонымен қатар, Алматы
арқылы 30 жуық тектоникалық жарылым өтеді. Жаңа нысан Ұлттық сейсмология ғылыми
орталығының құрамына кіреді.
Ерік Әліпұлы, жер сілкіністерін зерттеу орталығының басшысы:
- Алматы қаласы мен Қазақстанның оңтүстік-шығысы
сейсмикалық аймаққа жататындықтан, жер сілкіністерін зерттеу бойынша бірлескен
орталық ашу өте өзекті деп санаймын. Біз осы орталықты қажетті техникамен толық
жабдықтадық. Қазір қытайлық мамандар мен біздің мамандар тең дәрежеде бірлесіп
қызмет атқарады. Бізде қазір үш зертхана бар. Әр зертханада алты қызметкер
жұмыс істейді.

