Алматыда «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумы өтті. Жиын басталмас бұрын қатысушылар Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жаңа «алтын 30 жылдық» кезеңіне қадам басып жатқанын атап өтті. Бүгінде аспан асты елі мемлекетіміздің ең ісі сауда серіктесі. Былтыр екі елдің тауар айналымы рекордтық межеге жетіп, 50 млрд долларға жуықтады. Тараптар көрсеткішті 100 млрд долларға дейін жеткізуді көздеп отыр. Қытай инвесторлары еліміздің экономикасына 29 млрд доллардан астам қаржы құйды. Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға ықпал етті. Президент көлік байланыстарын дамыту бастамаларына да жіті тоқталды. Қазақстан Орта дәлізді, темір жол және автокөлік бағыттарын, сондай-ақ порт қуаттарын кеңейтуде. 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлі пойыздардың саны үш мыңға дейін ұлғайту жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Биыл тамыз айында Арал – Каспий автомагистралінің құрылысы басталды. Жаңа бағдар Шығыс – Батыс жолының өткізу қабілетін бірнеше есе арттырады. Таяу уақытта Мойынты – Қызылжар, Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады. Жүк тасымалының ашықтығын «Ақылды шекара» пилоттық жобасы аясында бірлесе енгізілген цифрлық технологиялар қамтамасыз етеді. Қытайлық Minmetals Logistics корпорациясымен серіктестік аясында жүргізушісіз көлік технологияларын және цифрлық шешімдерді қолданатын логистика дәлізі түзіледі.
Өнеркәсіптік ынтымақтастық та белсенді дамып келеді. Бүгінде бұл бағытта жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 бірлескен ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Президент ірі бастамаларды іске асыру тиісті қаржылық басқаруды талап ететініне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан инвестициялық кезеңді барынша қысқа, ашық әрі технологиялық тұрғыдан озық етіп ұйымдастыруға ниетті. Kazakh Invest ұлттық компаниясы жанынан қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қою – осы бағыттағы маңызды қадамның бірі.
Президент форумды жыл сайын өткізуді ұсынды - бұл іскер топтардың тікелей іс-қимылын күшейтеді. Іс-шараның қорытындысын жаңа уағдаластықтар түйіндеді. Тараптар 10 келісімге қол қойды. Олардың ішінде - жаңа өндірістер салу, энергетика мен инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ бірлескен жобаларды қаржыландыру бағыттары бар. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін өнеркәсіптік парк құрылысын бейнебайланыс режимінде іске қосты. Кешенге салынған инвестиция бірінші кезеңнің өзінде 350 млн долларды құрады. Зауыт жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдей алады.

