Адами капиталды дамыту - Қазақстанның стратегиялық басымдығы

Адами капиталды дамыту - Қазақстанның стратегиялық басымдығы

Адами капиталды дамыту – Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі. Жаңа Конституцияда білім алу құқығы бекітілген. Бүгінде білім беру жүйесі заман талабына сай жаңғырып, жаңа міндеттерге бейімделіп келеді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – мектептер мен колледждерге жасанды интеллектіні енгізу. Мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Ал Үкімет 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарды қабылдады. 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қостанай облыстарының мектептерінде пилоттық жоба іске қосылды. Мұғалімдерге де цифрлық құралдарды қолдану үйретіліп жатыр. 300 мыңнан астам педагог арнайы даярлықтан өтті. Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, мұғалімдер жасанды интеллектіні сабаққа дайындалу және тапсырмалар әзірлеу үшін пайдаланады.

Жомарт Қарамбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары:

- Оқу-ағарту министрлігі балалардың ең алдымен негізгі пәндер бойынша базалық білімді жетік игеруіне басымдық береді, сонымен қатар цифрлық сауаттылығын және сыни ойлау қабілетін дамытуға үлкен көңіл бөлінеді. Егер баланың дәстүрлі мектеп пәндері бойынша білімі жан-жақты әрі сабақтарын мүмкіндігінше жетік меңгерген болса, ол цифрлық кеңістікте де осы білімдерін емін-еркін пайдаланады. Сонымен қатар, оқушымыз сыни тұрғыдан ойлай алса, қазіргі өзгермелі әлемдегі тың жаңашылдықтарға оңай бейімделеді.

Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі де қарқынды даму үстінде. Жасанды интеллект бағытына маманданған жаңа университеттер ашылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Qazaq AI Research University жұмысын бастады. Шетелдік жоғары оқу орындары филиалдары желісі кеңейіп келеді. Әлемнің жетекші университеттерінің тағы жеті кампусын ашу жөнінде келіссөз жүргізілуде. Қазірдің өзінде 33 шетелдік университеттің филиалы жұмыс істеп тұр. Онда 9 мыңнан астам студент білім алады. Олар халықаралық білім беру бағдарламалары бойынша жаңа мамандықтарды меңгеріп, қос диплом алады.

Жанна Есинбаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:

-    QS халықаралық рейтингінде Қазақстанның 20-ға жуық жоғары оқу орны бар. Бұл – олардың білім сапасын растайтын көрсеткіштердің бірі. Бұдан бөлек, биыл Times Higher Education жаһандық рейтингінің нәтижелері бойынша да қазақстандық университеттер үздік көрсеткіштерге қол жеткізгені расталды. Біз 40-қа жуық стратегиялық әріптестік орнаттық. Бүгінде Қазақстанда 33 шетелдік университеттің филиалы жұмыс істейді. Олар халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлауға мүмкіндік беріп отыр. Осы серіктестіктер арқылы біз мүлде жаңа академиялық орта қалыптастырып жатырмыз. Сонымен қатар, осы өзгерістердің ықпалымен ғылым саласы да нығая түсуде.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?