Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен ішкі саясат мәселелері жөніндегі республикалық кеңес өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі, Үкімет пен өңір өкілдері қатысты. Вице-президент өз сөзінде идеологиялық күн тәртібін қалыптастыратын конституциялық құндылықтарға кеңінен тоқталды. Ерлан Қарин біздің бірінші кезектегі міндетіміз – конституциялық құндылықтарды түсіндіру және насихаттау екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының саясаты Қазақстанды одан әрі өркендетуге бағытталған. Бүгінде қоғамдық өмірдің барлық саласы жаңғыруда. Сондықтан халық арасында еңбекқорлық, білім, ғылым және прогресс секілді жасампаз құндылықтарды дәріптеу өте маңызды.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Вице-президенті:
- Конституция тек құқықтық құжат емес, ол сонымен қатар біздің бірегейлігімізді, болмысымызды, бағдарымызды айқындайтын маңызды құжат. Мемлекетіміздің негізгі қағидаттары біздің қоғамым ұстанатын құндылықтарымыз, дүниетанымымыз, бірегейлігіміз жаңа айтқан, түптеп келгенде біздің жалпы идеологиямыздың бәрі осы Конституцияда.
Вице-Президент Ата заңдағы құндылықтарды түсіндіру ісінде халықпен кері байланыс орнатуға арналған ақпараттық жүйелерді жетілдіру қажеттігін алға тартты. Орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің барлық байланыс орталықтарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру маңызды міндетке айналып отыр. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдануға негізделген жаңа экономикаға сай мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру қажет. Ерлан Қариннің пайымдауынша, ішкі саясаттың басым бағыттарының бірі – Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бастамаларын сапалы іске асыру.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Вице-президенті:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дәстүрлі халыққа Жолдауын жариялады. Бұл жолғы Жолдау да стратегиялық сипатқа ие маңызды құжат болды. Онда еліміздің әр түрлі салаларындағы ұзақ әрі орта мерзімді даму бағдары айқындалған. Халықтың да қамы қамтылған, Мемлекеттің де мүддесі ескерілген.

