Қазақстан Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының қызметін дамыту
бойынша жаңа бастамалар ұсынды. Бішкекте өткен Ұйымның Мемлекет басшылары
кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Президент басымдықтар
қатарында өзара экономикалық іс-қимылды ширатуды, цифрлық технологиялар мен
жасанды интеллектті дамытуды атап өтті. Мемлекет басшысы сондай-ақ ШЫҰ Даму
банкінің құрылуын қолдап, оның штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыруға дайын
екенін мәлімдеді. Тағы бір ұсыныс - университеттердің, ғылыми ұйымдар мен технологиялық
компаниялардың қатысуымен Ұйымның қамқорлығындағы жасанды интеллект орталықтары
желісін құру. Қазақстан сондай-ақ қазіргі жұмыс істеп тұрған шекаралық
ынтымақтастық орталықтары негізінде ШЫҰ-ның трансшекаралық сауда аймақтарын
іске қосуды ұсынды. Бүгінде Ұйымға қатысушы елдердің өзара тауар айналымы бір
триллион долларға жақындап қалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
- Қазақстан
ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігі қалыптасқанын қалайды.
Кедергілері мейлінше аз, цифрлық процедуралар мен көлік-логистикалық
байланыстары дамыған орта құрып, уағдаластықтардан нақты бастамаларға көшу
керек деп санаймыз. Пилоттық жоба ретінде индустриялық консорциумдар тетігін
енгізуді ұсынамыз. Бұл мемлекеттерге басқа қатысушыларды күтпей-ақ,
пісіп-жетілген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кейін табысты
бастамаларды тұтас Ұйым аумағында жаппай таратуға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның көлік әлеуетіне де ерекше
назар аударды. Ұйымға мүше мемлекеттер арқылы Шығыс пен Батыстың ірі нарықтарын
байланыстыратын Еуразиядағы негізгі көлік бағыттары өтеді. Осы дәліздердің
тоғысында орналасқан Қазақстан транзиттік инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып
келеді. Президенттің пікірінше, көлік байланыстарын одан әрі нығайту Шанхай
ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылының нақты бағыттарының
біріне айналуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
- Еліміз көлік саласындағы бастамаларды Шанхай
ынтымақтастық ұйымы аумағында ілгерілетуге әзір. Ол үшін кеден рәсімдерін
цифрландырып, электрондық құжаттарды өзара тану, «жасыл дәліз» қағидатын және
басқа да заманауи тетіктерді қолданған жөн. Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит
цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер
негізінде жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүктедегі алушыға дейін кедергісіз
өтуіне мүмкіндік береді. Құқықтық-нормативтік базаны нығайту үшін Шанхай
ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп,
қабылдауды ұсынамыз.
Саммит қорытындысы бойынша мемлекет басшылары
ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын қамтитын бірқатар құжатқа қол қойды. Олардың
ішінде ең маңыздысы – ШЫҰ-ның 25 жылдығы туралы Бішкек декларациясы. Ал
2026–2027 жылдар аралығында Ұйымға Пәкістан төрағалық етеді.

