Каспий – бірегей табиғи қазына, миллиондаған адамның тіршілік көзі, күллі Еуразия құрлығындағы негізгі көлік және энергетика торабы. Сондықтан теңіз экожүйесін сақтауға, ең алдымен, Каспий маңы елдері мүдделі болуы керек. Түрікменстанда өткен Каспий экология саммитінде теңіздің тартылуы, оған құятын өзен суының азаюы, климаттың жылынуы, антропогендік жүктеменің артуы мәселелері көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы саладағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атады. Ол экологиялық қауіп-қатердің алдын алу үшін бірізді ғылыми тәсіл керек деп есептейді. Мемлекет басшысы бейімделудің ортақ жоспарын әзірлеу үшін Каспий теңізі ғылыми зерттеу институтының әлеуетін пайдаллануды ұсынды. Бұл ретте жағалаудың өзгеруі, биоалуантүрлілік және басқа да негізгі параметрлер бойынша мәліметтерді талдау үшін бірыңғай цифрлық платформа құру бастамасын көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін сақтауға және анағұрлым әлеуетті жобалардың пулын қалыптастыруға халықаралық деңгейде күш салу қажет екенін де атап өтті. Мұндай бастамалар Каспий акваториясы мен оған құятын өзендердің алаптарын да қамтуға тиіс. Бұдан бөлек, Президент Тегеран конвенциясының тұрақты Хатшылығын толық жасақтау өте маңызды деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бізге шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз етіп, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың толық іске асуын қадағалайтын және қызметін үйлестіретін пәрменді тетік керек. Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын жалғастырады. Өйткені Каспийдің экологиялық жай-күйіне баса назар аудара отырып, су ресурстарын жаһандық басқарудың тиімділігін арттыру – баршаға ортақ міндет. Су қауіпсіздігі азық-түлік, энергетикалық және климаттық қауіпсіздікпен бірге халықаралық күн тәртібінде лайықты орын алуға тиіс.

