Қ.Тоқаев: Қазақстан Қытаймен стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға дайын

Қ.Тоқаев: Қазақстан Қытаймен стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға дайын

Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір. Қазақстан Президенті Синьхуа агенттігіне берген жазбаша сұхбатында осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елді ортақ шекара мен сан ғасырлық тату көршілік тарихы байланыстыратынын атап өтті. Оның айтуынша, дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады.

Қасым-Жомарт Токаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-  Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр. Екіжақты сауда жаңа рекордтық көрсеткішке жетті. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр. Тағы бір стратегиялық бағыт — көлік және логистика. Қазақстан — Шығыс пен Батысты тоғыстырып жатқан өңір. Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз.

Президенттің айтуынша, қазақ-қытай ынтымақтастығының технологиялық бағытына да ерекше назар аударылып, АІ, цифрлық технологиялар, робототехника, баламалы қуат көздері және жоғары технологиялық өндіріс салаларындағы өзара іс-қимылға басымдық берілуде. Қасым-Жомарт Тоқаев қос тарап та БҰҰ-ның орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды басшылыққа алатынын алға тартты. Келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады. Бұл ретте екі ел азаматтары арасындағы тікелей қарым-қатынастар да белсенді дамып келеді. Туризмнің дамуы қарқын алып, академиялық ұтқырлық, сондай-ақ, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бағдарламалары да кеңейе түсуде. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?